Фото: видеодан скрин
Қарағандыда логопедке бір жыл бойы қатынап жүрген баланың ата-анасы күтпеген әрі ауыр жағдайға тап болды. Олар маманның сабақ кезінде баласына қол көтергенін байқамай келген. Жағдай ерікті түрде түсірілген бейнежазба арқылы әшкере болған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ата-ананың айтуынша, әкесі сабақты сырттан бақылау үшін телефонды көтеріп, кабинеттегі кішкентай терезе арқылы видеоға түсірген. Сол сәтте кадрда логопедтің баланы басынан ұрғаны анық көрінеді.
Осыған дейін отбасы ешқандай күдік сезбеген. Логопедке толық сенген олар жазбаны көргенде есеңгіреп қалғандарын айтады.
Оқиға белгілі болған бойда ата-аналар баласын сабақтан шығарып алған. Логопед бұл жағдайды түсіндіре алмаған, ал кейін хабарласқанымен, жазбаша түсініктеме де, кешірім де сұрамаған көрінеді.
Отбасы бұл жағдайды жасырмай, жариялауға мәжбүр болғандарын жеткізді. Себебі осы логопедке күн сайын көптеген бала келеді, ал оның басқа балаларға да қол көтеруі мүмкін бе – белгісіз.
«Бір жыл бойы ештеңеге күмәнданбадық. Бәрі кездейсоқ анықталды. Ең қиыны – мұндайды елестетудің өзі ауыр. Енді ата-аналар өздері шешеді: бара ма, бармай ма. Бірақ бұл туралы жұрт білуі керек», – дейді баланың анасы.
