Бишімбаевтың анасы 1 млн долларды 2017 жылы шешіп алған: Сотта жаңа дерек пайда болды

Фото: Айша Кутубаева

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың туыстарына қатысты шулы сот процесі жалғасуда. Бұл жолы назарда – қомақты қаражаттың шығу төркіні. 10 желтоқсан күні өткен сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Ерлан Ғазымжанов іске маңызды құжатты тіркеуді сұрады.

Адвокаттың сөзінше, Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова 1 миллион АҚШ долларын сонау 2017 жылы банктен қолма-қол шешіп алған.

«Дәлел бар, бірақ дау көп»

Еске салайық, қазіргі уақытта Қуандық Бишімбаевтың туысы Бекзат Кемеловаға қатысты алаяқтық бабы бойынша іс қаралып жатыр. Ол 990 мың долларды алдау жолымен иемденді деп айыпталуда.

Адвокат Ғазымжанов сотта Нұрлыбекованың қаражаты заңды екенін растайтын құжат бар екенін мәлімдеді:

«Дәлелдер бар. Біз оларды ұсындық, бірақ қарсы тарап бірден шағымдана бастады. Әрине, әр адам қылмыстық жауапкершіліктен қашқысы келеді. Жәбірленуші Нұрлыбекова ақшаны 2017 жылдың қаңтарында доллармен шешіп алған», – деді қорғаушы.

Адвокаттар неге тартысты?

Бұл мәлімдеме сот залында қызу пікірталас тудырды. Айыпталушы тараптың адвокаты Игорь Вранчев бұл құжаттың неге осы уақытқа дейін жасырын жатқанына күмән келтірді.

Оның айтуынша, Нұрлыбекова тергеу кезінде ақшаны қашан және қай банктен алғанын нақты айта алмаған. «Тергеу аяқталды. Мұндай маңызды құжат сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде ұсынылуы керек еді», – деп қарсылық білдірді Вранчев. Әзірге сот бұл құжатты іске қосу туралы нақты шешім қабылдаған жоқ.

Көк чемоданның құпиясы

Бұған дейін Альмира Нұрлыбекова сотта отбасының барлық қаражаты «адал еңбекпен табылғанын» және күмәнді кіріс көздері жоқ екенін айтқан болатын. Ол өзінің кәсіпкерлік қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндап берген.

Істің тағы бір қызық детальдарының бірі – үй қызметшісінің куәлігі. Ол өз сөзінде ішінде 990 мың доллар болуы мүмкін делінген «көк чемодан» туралы айтқан еді. Бұл ақшаның нақты қайдан келгені және қалай жоғалғаны – әзірге басты сұрақ болып тұр.

Яндекс.Метрика