Фото: freepik.com
Баланың өсу жолында оның тек физикалық ғана емес, психологиялық дамуы да аса маңызды. Осындай даму сатыларының бірі — Эдип кезеңі. Бұл ұғымды психоанализ ғылымының негізін қалаушы Зигмунд Фрейд енгізген. Эдип кезеңі — баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, жыныстық сәйкестікті тануына және эмоционалды әлемінің жетілуіне ықпал ететін күрделі психологиялық кезең, деп хабарлайды Qazaq.Today ақпарат порталы.
Эдип кезеңі — баланың 3 пен 6 жас аралығында бастан кешіретін психосексуалдық даму кезеңі. Бұл кезде бала өз ата-анасына ерекше сезіммен қарай бастайды. Бұл сезім тек сүйіспеншілік емес, жыныстық қызығушылық элементтері мен қызғаныш, бәсекелестік сияқты эмоцияларды да қамтиды.
Ұл бала— анасына ерекше жақын болғысы келіп, әкесіне қарсылас ретінде қарайды. Қыз бала — әкесіне жақындағысы келіп, анасымен ішкі жарыс сезінеді.
«Эдип» атауы ежелгі грек мифіндегі кейіпкер — Эдип патшадан алынған. Аңыз бойынша, Эдип әкесін өлтіріп, анасын білместен әйелдікке алады. Фрейд бұл мифті баланың бейсаналық түрде ата-анасына қатысты эмоциялық қатынастарын түсіндіру үшін қолданған.
Эдип кезеңінің белгілері:
— Баланың қарама-қарсы жыныстағы ата-анаға ерекше жақындығы.
— Қызғаныш, қызбалық, ішкі наразылық сезімдері.
— Ата-ананың рөліне еліктеу(мысалы, ұл бала әкесіндей болғысы келеді).
— Бала өзін бір ата-анасына жақын, екіншісіне алыстау сезінеді.
Эдип кезеңі — баланың қалыпты дамуының бір бөлігі. Уақыт өте келе бұл сезімдер бейсаналық түрде басылып, бала өз жынысына тән мінез-құлық үлгісін қабылдайды.
Эдип кезеңі — бұл баланың ішкі дүниесін түсінуге, оның болашақта өзіндік орнын табуға көмектесетін күрделі, бірақ маңызды психологиялық саты. Ата-ана бұл кезеңде сабырлы, түсіністікпен қарап, баланың эмоцияларын қабылдап, дұрыс бағыт көрсете алса — бұл оның өмір бойғы психологиялық саулығына үлкен үлес қосады.
