Әлеуметтік желілер мен жасөспірімдер: тыйым — дұрыс па, қауіпті ме?

Фото: Pixabay

Білім саласының сарапшысы Нұрлан Қиясов Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу бастамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Әлеуметтік және психологиялық салдары қандай?

Сарапшының айтуынша, бұл мәселеде біржақты шешім жоқ. Толық тыйым салу — ең оңай әрі саяси тұрғыда популистік реттеу тәсілі. Ғылыми зерттеулер әлеуметтік желілерді пайдалану кейбір жасөспірімдерде мазасыздық пен депрессиялық күйдің күшеюіне әсер ететінін көрсеткенімен, бұл ықпал орташа деңгейде ғана байқалады және көбіне баланың цифрлық кеңістіктегі тәжірибесінің мазмұнына байланысты.

Яғни мәселе онлайнда қанша уақыт отыруда емес, қандай контент тұтынатынында. Токсикалық ақпарат қауіп төндіруі мүмкін, алайда әлеуметтік желілер — қолдау табу, ақпарат алу және әлеуметтік дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды орта. Толық тыйым бұл мүмкіндіктерді шектеп қана қоймай, жасөспірімдерді бақылаусыз алаңдарға көшуге, VPN қолдануға және жалған аккаунттар ашуға итермелеуі ықтимал.

Тыйымның тиімділігін не қамтамасыз ете алады?

Нұрлан Қиясов толық шектеуден гөрі кешенді саясатты тиімді деп санайды. Оның айтуынша, балаларды «әдепкіде қорғау» қағидатын енгізу, мектеп бағдарламасына цифрлық сауаттылықты жүйелі түрде қосу және қабылданған шешімдердің салдарын тәуелсіз бақылау маңызды.

Сонымен қатар платформалар балаларға қатысты деректерді барынша аз жинауға, құпиялық параметрлерін автоматты түрде орнатуға және жасөспірімдерге зиян тигізуі мүмкін контентті алгоритмдер арқылы ілгерілетпеуге міндеттелуі қажет. Жасты техникалық растаудың өзі 100 пайыз нәтиже бермейтіндіктен, заңнама «ақылға қонымды шаралар» жиынтығын талап етуі тиіс. Себебі тыйымның әсері оны қандай қосымша механизмдер сүйемелдейтініне тікелей байланысты.

Халықаралық тәжірибе не көрсетіп отыр?

Сарапшы Қазақстанға дайын шетелдік модельдерді көшіруден гөрі, ұлттық ерекшеліктерге сай өз жолын қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Әлемдік тәжірибе абсолютті тыйымдардың нәтижесіз екенін дәлелдеп отыр. Мәселен, АҚШ пен Ұлыбританияда жас шектеулерін айналып өту кең тараған.

Ең тиімді тәсіл — негізгі жауапкершілікті платформаларға жүктеу. Автоматтандырылған сүзгілер, деректерді шектеу, қауіпсіз режимдер және ұсыныс алгоритмдерін реттеу Австралия, Оңтүстік Корея мен Еуропалық одақта (GDPR және Digital Services Act) сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл тәжірибе зиянды контентті азайта отырып, цифрлық ортаның білімдік және әлеуметтік әлеуетін сақтауға мүмкіндік берді.

Тыйымнан гөрі цифрлық сауаттылық маңызды ма?

Нұрлан Қиясовтың пікірінше, Қазақстан үшін ең дұрыс шешім — біріктірілген тәсіл. Біріншіден, платформаларға талапты күшейту: жасты нақты анықтау, қауіпсіз контентке басымдық беру, түнгі хабарламаларды шектеу және алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету.

Екіншіден, мектептерде цифрлық сауаттылықты жүйелі оқыту қажет. Сын тұрғысынан ойлау, медиагигиена және манипуляцияны тану дағдылары — балаларды онлайн қауіптен қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі. Алайда бұл бағдарламалардың сапасы мен оны жүзеге асыратын мамандардың біліктілігі шешуші рөл атқарады.

Үшіншіден, ата-аналардың белсенді қатысуы аса маңызды. Зерттеулер ересектердің сүйемелдеуі кез келген тыйымнан әлдеқайда тиімді екенін көрсетіп отыр.

Қорытынды: жасөспірімдерді цифрлық ортадан толық оқшаулау емес, оны қауіпсіз, басқарылатын және пайдалы ету — ең ұтымды жол. Толық блоктаулар қысқа мерзімді әсер беруі мүмкін, ал платформаларды жауапкершілікке тарту, цифрлық сауаттылық пен ата-аналық бақылау ұзақмерзімді нәтижеге жеткізеді.

Яндекс.Метрика