Әкімдер есепті формалды сипатта өткізеді, жиыннан шынайы халық бейхабар — саясаттанушы

Коллаж: Qazaq Today

Тұран университетінің қауымдастырылған профессоры, саясаттанушы Нүркен Айтымбетов ауылдық және аудандық әкімдердің уәделерін орындамауына байланысты өкілеттігін тоқтату тетіктері қалай іске асуы мүмкін екенін айтты. Бұл жөнінде саясаттанушы Ғазиз Әбішев те пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Саясаттанушының сөзінше, бұл мәселе жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиында көтеріліп, міндетін тиісінше атқармайтын ауыл әкімдерін жұмыстан босатудың құқықтық механизмдерін жетілдіру қажеттігі айтылған.

— Менің ойымша, бұл – өте өзекті, тіпті уақытынан кеш көтерілген мәселе. Ауыл әкімдерінің қызмет сапасын, берген уәделерін қаншалықты орындап жүргенін нақты бағалайтын жүйе бұрыннан керек еді. «Ештен кеш жақсы» дегендей, енді бұл механизмдерді толық әрі нақты етіп қалыптастыру қажет, — деді ол.

Нүркен Айтымбетовтің айтуынша, ғалымдар жүргізетін далалық және әлеуметтанулық зерттеулер барысында ауыл тұрғындарынан әкімдерге қатысты сын пікір жиі естіледі.

— Зерттеу тақырыбымыз тікелей бұл мәселеге арналмаса да, респонденттердің басым бөлігі «әкім уәде береді, бірақ орындамайды», «ауыл проблемаларына араласпайды» деген уәж айтады. Тағы бір жиі кездесетін мәселе — әкімдердің есеп беруі формалды сипатта өтеді. Олар тек өз қарамағындағы қызметкерлерді жинап, солардың алдында есеп береді. Ал ауыл халқының өзі бұл есептерден бейхабар қалады, — дейді саясаттанушы.

Оның сөзінше, кей жағдайларда ауыл тұрғындары өз әкімінің кім екенін де білмейді. Әкімдер халықпен тікелей араласпай, кабинеттен шықпайды, белгілі бір мерзімде есеп берумен ғана шектеледі.

— Әрине, адал жұмыс істеп жүрген әкімдер де бар шығар. Бірақ жалпы алғанда, ауыл әкімдерінің қызмет сапасы төмен деген қоғамдық пікір қалыптасып отыр, — деді ол.

Сарапшы Президенттің жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңды жетілдіру қажет деген пікірін орынды деп санайды. Оның айтуынша, қазіргі заңнамада әкімнің сайлаушылар алдындағы нақты жауапкершілігі айқын көрсетілмеген.

— Әкімдерді халық сайлайды делінеді, бірақ іс жүзінде тұрғындардың көпшілігі әкімнің жұмысына ықпал ете алмайды. Сондықтан заң жүзінде әкімнің уәдесін орындау жауапкершілігін бекітіп, орындамаған жағдайда қызметтен босатудың нақты тетіктерін енгізу керек, — дейді Нүркен Айтымбетов.

Саясаттанушы ауыл әкімдері арасында популистік әрекеттердің де кездесетінін алға тартты. Оның айтуынша, кей әкімдер өзге азаматтар атқарған істі өз бастамасы ретінде көрсетіп, есеп кезінде соны пайдаланады.

— Мен тұратын Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Абай ауылында жастар өз қаржысына мешіт, спорт нысандарын салды. Алайда әкім есеп бергенде бұл жұмыстар өзінің бастамасымен атқарылғандай көрсетіледі. Бұл – нағыз популизм, — деді ол.

Сонымен қатар ол ауылдағы жол қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, балалар жиі жүретін жолдарға жылдамдықты шектейтін белгілер орнату туралы бірнеше рет көтерілген мәселе дер кезінде шешілмеген.

— Әлеуметтік желі арқылы да, ауыл әкіміне де жаздым. Бірақ ешкім мән берген жоқ. Өкінішке қарай, бір жыл бұрын бала қаза тапқаннан кейін ғана белгілер қойыла бастады. Оның өзі толық емес. Бұл әкімдердің жауапкершілігінің төмендігін көрсетеді, — дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ауыл әкімдерінің тәртіп бұзғаны, мемлекеттік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны, тұрғындармен дөрекі сөйлегені туралы видеолар жиі тарайды. Мұның бәрі қоғамдық бақылаудың күшейгенін көрсетеді.

— Сондықтан ауыл әкімдерінің жұмысына қатаң бақылау орнатып, олардың сайлау кезінде берген уәделерін орындауына нақты жауапкершілік жүктейтін жүйе енгізілуі тиіс, — деп түйіндеді Нүркен Айтымбетов.

Бұдан бөлек саясаттанушы Ғазиз Әбішев соңғы жылдары аудан әкімдерін сайлау тәжірибесі жоғары билік деңгейінде толық қанағаттандырмай отырғанын айтады.

Оның пікірінше, атқарушы биліктің жоғарғы эшелоны да, облыс әкімдері де аудан әкімдерінің тиімділігіне қатысты мәселелерге жиі назар аудара бастаған. Бірқатар жағдайда аудан әкімдеріне қатысты шағымдар көбейіп, олардың берген уәделерінің орындалмауы тұрғындар наразылығын тудырып отыр.

Саясаттанушының пайымдауынша, қазір екі ықтимал бағыт талқыланып жатыр. Біріншісі — аудан әкімдерін сайлау тәжірибесін толықтай тоқтату мүмкіндігі. Екіншісі — сайлау сақталған жағдайда, әкімдердің уәделерін орындауын бақылайтын «жұмсақ» бақылау тетіктерін енгізу. Соның ішінде әкімді кері шақырып алу немесе өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату механизмдері қарастырылуы мүмкін. Алайда бұл тетіктердің нақты қалай іске асатыны әзірге түсініксіз.

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, бұл бағыттағы пікірталастар әлі де жалғасады. Сонымен бірге кейбір әкімдердің уәделерін орындай алмауы сайлаушылардың да саяси таңдауға жауапкершілікпен қарауына ықпал етуі мүмкін. Популизм мен нақты, іске асатын бағдарламалардың арасын ажырату мәдениеті қалыптасуы ықтимал. Қалай болғанда да, беріліп жатқан саяси сигналдарға қарағанда, бұл мәселе жақын уақытта нақты шешімін табуы әбден мүмкін.

Яндекс.Метрика