Үкімет мұнай өнімдері нарығын бақылауды күшейтуде

Фото: Үкімет

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен мұнай өнімдері нарығындағы жұмыстың тиімділігін күшейтуге бағытталған кезекті жиын өтті. Отырыста бақылау тетіктерін жетілдіру бойынша қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жоспарлар қаралды, деп жазады Qazaq Today.

Кеңес барысында Роман Скляр ішкі нарықтың жанар-жағармаймен толық әрі тұрақты қамтамасыз етіліп отырғанын, мұнай өңдеу зауыттары мен логистиканың қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар көрші мемлекеттермен ЖЖМ бағасындағы айқын айырмашылықтарды ескере отырып, отынның ел аумағынан заңсыз шығарылуына жол бермеу жұмыстары жалғасатыны айтылды. Тиісті органдарға алдын алу және бақылау шараларын жүйелі түрде жүргізу тапсырылды.

Үкімет шекаралық және ішкі бақылау құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды жеделдетудің нақты міндеттерін белгіледі. ІІМ, ҚММ, кеден және шекара қызметтері арасындағы өзара ақпарат алмасу күшейтіліп, құқықбұзушылықтардың жолын кесу және нарықтағы тәртіпті сақтау мақсаты қойылды.

Бұған қоса, Энергетика министрлігі секторды цифрландыруды жалғастыруға міндеттелді. Мұнай базаларын заманауи есепке алу аспаптарымен жабдықтау және мәліметтерді нақты уақытта беру — негізгі бағыттардың бірі. Дайындалған заңнамалық түзетулер мұнай өнімдерін есепке алудың бірыңғай стандартын қалыптастыруға және саладағы жаңа талаптарды бекітуге бағытталған.

Роман Скляр Үкіметтің ЖЖМ нарығының ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ ішкі сұранысты уақытында өтеуге қағидатты түрде мән беретінін айтты. Егер бұзушылықтар анықталса, тиісті шаралар қолданылатыны да атап өтілді.

Жиынды қорытындылай келе, Премьер-министрдің бірінші орынбасары мұнай өнімдері нарығының тұрақтылығы мен ашықтығын бақылау, сондай-ақ елдің энергетикалық қауіпсіздігін сақтау Үкімет үшін басты басымдық болып қала беретінін жеткізді. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар жанар-жағармайдың мұнай өңдеу зауыттарынан бастап соңғы тұтыну нүктесіне дейінгі қозғалысын толық бақылауда ұстайды.

Яндекс.Метрика