Фото: видеодан скрин
«1001 түн» бағдарламасына арнайы шақырылған актриса Жұлдызай Дүйсенбиева соңғы уақыттағы өзгерістерінің себебін айтып, көрермендеріне алғысын жеткізді. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшаларын жауып тастауының астарында саналы таңдау жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Актрисаның айтуынша, ол өз аудиториясының нағыз өнерді сахнадан көргісі келетінін түсінген.
«Менің көрерменім — әлеуметтік желідегі видеолар емес, сахнадағы тірі эмоцияны күтеді екен. Сондықтан барлық күшімді театрға арнауды жөн көрдім», — деді ол.
Жұлдызай үшін басты құндылық – халықтың ықыласы. Ол желі арқылы табыс табуға болатынын жасырмағанымен, бұл оның мақсатына сай келмейтінін айтты.
«Иә, желіде ақша табуға мүмкіндік көп. Бірақ мен үшін ең бағалысы – шынайы көрерменнің қошеметі. Сол қолдау мені өнерде ұстап тұрған ең үлкен байлық», — деп бөлісті актриса.
Бағдарлама эфирінен кейін желі қолданушылары оның ашықтығын жоғары бағалап, жылы пікірлер қалдырды:
«Мықтысыз! Бастысы – денсаулық»,
«Қанағат – үлкен күш»,
«Сахнада қалғаныңыз дұрыс, бірақ әлеуметтік желіден де көргіміз келеді»,
«Өте орынды шешім, аман болыңыз», — деп жазды жанкүйерлер.
Жұлдызай Дүйсенбиеваның шынайылыққа негізделген бұл таңдауы көпшіліктің қолдауына ие болды.
