Оқиғаның басы 2020 жылғы ажырасудан басталған. Дмитрий мен оның жары Августина екі жаққа кеткен соң, бір жылдан кейін келіншек қарым-қатынасты қайта жандандыруға тырысқан. Алайда, бұрынғы күйеуі райынан қайтпай, қайта қосылудан бас тартқан.
Baza басылымының мәліметінше, дәл осы сәттен бастап нағыз «кибер-шабуыл» басталған. Августина: «Егер келісіміңді бермесең, жеке архивіміздегі суреттерді жариялаймын» деп қорқытқан көрінеді.
«Суреттерімді 200-ден астам адам көрді»
Дмитрий алғашында бұл қоқан-лоққыға сенбеген. Бірақ көп ұзамай оның интимдік сипаттағы фотосуреттері туыстарына, достарына, тіпті жұмыстағы әріптестеріне дейін тарап кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, оның жалаңаш бейнесін кем дегенде 200 танысы көрген.
Әйел мұнымен тоқтамаған. Ол Дмитрийдің достарына хабарлама жазып, полицияға жалған арыз түсіріп, әлеуметтік желілерде ер адамды қорлайтын видеолар жариялап, «сталкинг» (аңду) жасаған.
Шыдамы таусылған Дмитрий ар-намысын қорғау үшін бұрынғы жарына талап арыз жолдап, 10 миллион рубль (шамамен 50 миллион теңге) көлемінде өтемақы сұрады. Алайда, полиция бұл іс-әрекеттен қылмыс құрамын таппай, қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.
Екінші тарап не дейді?
Бұл даудың екінші жағы да бар. Августина журналистерге берген жауабында, интимдік суреттер туралы сұрақты жауапсыз қалдырды.
Есесіне, ол некеде болған жылдары күйеуінен қорлық көргенін алға тартты. Оның сөзінше, Дмитрий оған бірнеше рет қол көтерген, бірақ ол бұл туралы тек ажырасқаннан кейін ғана ашық айтуға бел буған. Қазіргі уақытта екі тарап та өз шындығын дәлелдеуге тырысып бағуда.
