Фото: Видеодан алынған кадр
Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігі жүргізген шаралар нәтижесінде трансшекаралық аударымдар арқылы жұмыс істеген ірі заңсыз схема анықталды. Тергеу деректеріне сәйкес, қаржы төлем ұйымдары арқылы «заңды операциялар» түрінде көрсетіліп, шын мәнінде онлайн-казиноның пайдасына шығарылған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Қазақстан аумағында онлайн-казинолар толықтай тыйым салынған. Олар салық төлемейді, клиенттерді сәйкестендірмейді, кәмелетке толмағандарды белсенді тартады және қоғамның моральдық-психологиялық саулығына айтарлықтай зиян келтіреді.
Схеманы жүзеге асыру үшін финтех-компаниялардың өкілдері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған келісімшарттар негізінде алынған «сұр» POS-терминалдар мен Terminal ID-лерді пайдаланған. Анықталған заңсыз транзакциялардың жалпы көлемі 600 млрд теңгеден асады.
Құқыққа қайшы әрекеттерге 20-дан астам төлем ұйымы және екінші деңгейлі банктердің бірқатар лауазымды тұлғаларының қатысы бар екені анықталды.
ҚМА мәліметінше:
«Төрт онлайн-казиноға техникалық сервис көрсеткен және ақша аударымдарына кеңес берген Call-орталық қызметі тоқтатылды. Оның құрамында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтары бар 120 адам жұмыс істеген. Сонымен қатар, орталық ұйымдастырушылары криптовалюта арқылы қаражат қабылдап, шығаратын гемблингтік серіктестік бағдарламасын іске қосқан. Оның айналымы 200 млн USDT-тен асқан», — делінген хабарламада.
Тергеу аясында 70-тен астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер тәркіленді.
«Сот санкциясымен тоғыз күдікті қамауға алынды, олардың арасында “Төлем ұйымдары қауымдастығы” ЗТБ басшысының кеңесшісі де бар. Ал сегіз шетел азаматын халықаралық іздеуге жариялау үшін материалдар дайындалуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», — деп мәлімдеді ведомство.
Агенттік жеке және заңды тұлғаларға заңсыз құмар ойындарды насихаттау мен оған көмектесу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін тағы бір мәрте ескертті.
«Онлайн-казино қызметі лудоманияның таралуына ықпал етеді. Мұндай заңсыз ойындарға жәрдемдесуге бағытталған кез келген әрекет қылмыстық қызметті ұйымдастыруға көмектесу деп бағаланады және міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке әкеледі», — делінген ресми ақпаратта.
