Фото: видеодан скрин
Қазақ медицинасын зерттеп жүрген академик Қайрат Айдарханұлы Qasqa Jol арнасында қонақ болып, ұлттық емшілік мәдениеті туралы тың мәліметтер айтты. Ол сұхбат барысында қазіргі жастар жиі тұтынатын энергетикалық сусындарға қатысты өз пікірін ашық жеткізді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Энергетикалық сусындар химиялық жолмен жасалады. Ал қазақтың қымыз, шұбат, айран, сүті тұрғанда сырттан келген өніммен денсаулығымызды әлсіретеміз. Горилла секілді сусындардың құрамында тәуелдік тудыратын заттар болуы да мүмкін», – деді ғалым.
Қазақ емшілігінің тамыры қанша жылға созылады?
Академиктің айтуынша, ұлттық медицина тарихы Еуропамен қатар жүр. Сақ және ғұн дәуірінен бері жалғасқан емдеу әдістері — қазақтың өз ғылыми жүйесі.
Айдарханұлы жылқының қолға үйретілуі туралы америкалық зерттеулерді мысалға келтіріп, атты емге қолдану дәстүрінің тым әріде жатқанын айтады. Оның сөзінше, бабаларымыз жарақат алған адамды жазатын тәсілдерді 8–10 мың жыл бұрын игерген.
«Жабайы жылқыны үйрету кезінде адам жарақат алатын. Сол кезде қазақтар жараны қалай емдеу керегін білген. Құс, аң, өсімдікті дәріге айналдырған. Бұл — қазақ медицинасын ежелден дамытқан белгі», – деді ол.
«7 ата» қағидасының ғылыми негізі бар ма?
Ғалым жеті атадан аспай қыз алыспау туралы ұстанымды да сөз етті. Айтуынша, қан тазалығын сақтау дәстүрі «Шипагерлік баянда» Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы әлі 5 ғасыр бұрын жазып қалдырған.
«Біздегі қан тазалығы өте жоғары. Көп ұлт жеті ата қағидасын ұстанбайды. Ал біздің ата-бабалар генетикалық саулықты сақтаудың жолын ерте тапқан», – деп түсіндірді Айдарханұлы.
