Астанада тұрғын үйден өрт шығып, 11 жастағы бала көз жұмды

Фото: istockphoto.com

Астанада Абылай хан даңғылында орналасқан бес қабатты тұрғын үйде өрт шығып, соның салдарынан 11 жастағы бала қайтыс болды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадалары алты адамды – бір ересек пен бес баланы ауруханаға жеткізген. Дәрігерлердің алдын ала қорытындысына сәйкес, олардың барлығы көміртегі тотығымен қатты уланған. Зардап шеккендер жансақтау бөліміне жатқызылды, жағдайлары ауыр деп бағалануда.

Хабарламада:
«2014 жылы туған бір бала аса ауыр халде жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – делінген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, өрт 6 желтоқсанда үйдің бірінші қабатындағы қосалқы бөлмеден басталған. Қалың түтін төменнен жоғары қарай тез көтеріліп, бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейінгі подъезді толтырған. Оқиға кезінде құтқарушылар 40 адамды, оның ішінде жеті баланы эвакуациялаған.

Яндекс.Метрика