Музыканттардың төбе шашы тік тұрды: Жаңа заң 2026 жылдан бастап концерттерді тоқтатады

Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері мен той ұйымдастырушыларының ұйқысы қашатын болды. Мемлекет басшысы мәдениет саласына қатысты жаңа заңға қол қойды. Енді сахнада немесе тойда аузын жыбырлатып, «фанерамен» ақша табатындарға қомақты айыппұл салынады.

4 желтоқсанда қабылданған бұл құжат тарихи өзгерістерге жол ашпақ. Ең басты жаңалық – фонограмманы шектеу және авторлық құқықты қорғау.

Бұған дейінгі Мәдениет министрлері «Қазақстандық әншілердің көбі, тіпті жұлдыздардың өзі стадион жинағанда фонограммасыз ән айта алмайды» деп бұл шешімге қарсы болып келген еді. Алайда жаңа заң 2026 жылдың 2 ақпанынан бастап күшіне енеді.

«Фанера» үшін – 4 миллион теңге айыппұл

Жаңа заңға сәйкес, концерттік іс-шараларда дауыстық фонограмманы (плюс) пайдалануға қатаң тыйым салынады. Бұл ереже тек телевизиялық түсірілімдер мен концертке арналмаған арнайы орындарға ғана жүрмейді.

Ең қызығы, бұл шектеу қазақтың тойына да қатысты. Егер іс-шараға 200-ден астам қонақ жиналса, әншілер жанды дауыста ән шырқауға міндетті.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың айтуынша, заң бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі аз емес – 1000 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 4 325 000 теңге.

«Бұл норманы депутаттар жан-жақты талқылады. Енді жергілікті әкімдіктер мен мәдениет бөлімдері әншілердің «фанерамен» ән айтпауын қадағалайтын болады», – деді вице-министр.

Тексеріс қалай жүргізіледі: «Тыңшылар» бола ма?

Заң қағаз жүзінде әдемі көрінгенімен, іс жүзінде сұрақ көп. Сенатор Советбек Медебаевтың пікірінше, заңда қайшылықтар бар. Бұған дейін ұйымдастырушылар көрерменге фонограмма қолданылатынын ескертсе болғаны, ал енді оған мүлдем тыйым салынбақ.

Тағы бір мәселе – бақылау механизмі. Әкімдік қызметкерлері әр той мен концертті аралап, «тыңшы» бола ма? Әлде әншінің аузы қимылдамай қалған сәтін видеоға түсіріп, дәлел жинай ма? Бұл жағы әзірге жұмбақ. Көршілес Өзбекстанда әншілер лицензия алады, фонограмма қолданса, лицензиядан айырылады. Ал бізде ондай жүйе жоқ.

Кітапханадағы «тегін қызмет» аяқталды

Жаңа өзгерістер тек әншілерге ғана емес, кітапханаларға да қатысты. 2026 жылдың ақпанынан бастап мемлекеттік кітапханалар өз ғимараттарын жалға беріп, ақылы қызмет көрсете алады.

Бұрын кітапханалар мерейтойлар мен тұсаукесерлерді тегін өткізетін. Енді бұл «халява» бітеді. Түскен қаражат кітапхананың материалдық базасын жақсартуға және қызметкерлерге сыйақы төлеуге жұмсалмақ. Депутаттардың дерегінше, қазір елдегі кітапханалардың 40%-ында тіпті интернет жоқ.

Фото: kazgazeta.kz

Яндекс.Метрика