Жазадан құтылмады: 20 жыл бұрын зейнеткерді зорлап өлтірген қылмыскер ұсталды

Кез келген қылмыстың ізі қалады. Қазақстандық полицейлер 20 жыл бойы ашылмай жатқан аса ауыр қылмыстың түйінін тарқатты. Заманауи технологияның көмегімен 2006 жылы жасалған зұлымдық әшкереленіп, марқұмның рухы тынышталды.

Оқиға осыдан тура 20 жыл бұрын Қарағанды облысында болған еді. Дүкенге азық-түлік алуға шыққан 70 жастағы кейуана үйіне қайтып оралмады.

Қария қараусыз қалған атқораның жанынан өтіп бара жатқанда, белгісіз біреу тап берген. Қаскөй дәрменсіз әжейді аяусыз зорлап, артынша өлтіріп кеткен. Сол кезде оқиға орнынан қылмыскердің биологиялық ізі табылғанымен, кінәліні бірден ұстау мүмкін болмады.

Мұрағаттағы шындық және жаңа технология

Ішкі істер министрлігінің жедел-криминалистикалық департаментінің бастығы Сергей Стихеевтің айтуынша, ол кездегі техникалық мүмкіндіктер табылған іздер арқылы адамды сәйкестендіруге қауқарсыз еді. Сөйтіп, қанды оқиға жылдар бойы «ашылмаған істер» санатында шаң басып жатты.

«Биыл біз жұмыс жүйесін толық модернизацияладық. Ескі қылмыстар бойынша алынған айғақтарды қайта қарап, барлық криминалистикалық есептер мен ДНҚ базасы бойынша тексердік. Нәтижесінде күдікті анықталды. Ол қазір 55 жаста», – дейді департамент басшысы.

Ғылым қылмыскерге қарсы

Анықталғандай, күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Ол қазіргі таңда колонияда жазасын өтеп жатыр. Қазіргі уақытта қосымша тергеу амалдары жүргізілуде.

Мамандардың сөзінше, қылмыс орнынан алынған айғақтар дұрыс сақталса, тіпті 20-30 жылдан кейін де сыр береді. Бұл үшін арнайы температура мен ылғалдылықты сақтайтын камералар қолданылады.

Айта кетейік, тек биылдың өзінде қазақстандық криминалистер 8 мыңнан астам қылмыстың бетін ашқан. Бұл – ешбір қылмыс жазасыз қалмайды деген сөз.

Архивное фото ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Яндекс.Метрика