Фото: Pixabay
6 желтоқсанда Shymbulak тау курорты қысқы маусымды ресми түрде ашып, қонақтарға ауқымды ойын-сауық бағдарламасын ұсынады. Келушілерді музыкалық қойылымдар, интерактивті байқаулар, ұтыс ойыны және алғашқы Shymba Après Ski кеші күтеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Таңертеңгісінен бастап базалық станцияда DJ-сеттер, жүргізушілердің шоуы және өнерпаздардың жанды концерттері өтеді. Күн бойғы бағдарламада Stradivari квартетінің әндері, би ұжымдарының нөмірлері болады. Сонымен бірге келушілер үшін көркем перформанстар, арнайы фотозоналар, тақырыптық аймақтар және отбасылық демалысқа арналған алаңдар ұйымдастырылады.
Мерекелік шаралар курорттың бес алаңында өтеді:
8:30 – 17:00 — Базалық станцияда концерттер, түрлі конкурстар және DJ-сеттер. Бағдарламаның басты қонағы — отандық инди-музыкант dudeontheguitar, ол жаңа альбомынан композициялар мен танымал тректерін орындайды (11:40–12:00).
9:00 – 15:00 — Медеудегі базалық станцияда Red Bull-дың DJ-сеті.
10:00 – 16:00 — Талғар асуында күн бойы музыка мен белсенді іс-шаралар.
10:00 – 17:30 — Мұз айдынында жаппай сырғанау, аниматорлар бағдарламасы, ұтыс ойындары және мәнерлеп сырғанаушылардың арнайы шоуы (12:00–12:15).
12:00 – 16:30 — Орта станциядағы Le Mont алаңында маусымдағы алғашқы Shymba Après-ski өтеді.
Le Mont-та алғаш ұйымдастырылып отырған күндізгі Shymba Après Ski — биылғы маусымның басты жаңалығы.
Après-ski — шаңғы немесе сноубордтан кейінгі еркін қарым-қатынас пен жылы атмосфераға толы демалыс форматы. Еуропалық курорттарда кең тараған бұл дәстүр енді Shymbulak-та да жол тартып отыр.
Алматылық Elevation және Vihod промо-топтарымен бірге өткізілетін атмосфералық кештер әр сенбі сайын өтеді. Қонақтарды әуезді музыка, 2850 метр биіктіктен көрінетін қала панорамасы және белсенді, заманауи өмір салтын ұстанатын қауымдастық қарсы алады. Алғашқы іс-шара 6 желтоқсанда 12:00–17:00 аралығында өтеді.
Shymbulak Алматы тұрғындары мен қонақтарын жаңа маусымды бірге қарсы алуға шақырады. Алдағы бес ай — сырғанау, түрлі шаралар және тек тауда сезілетін ерекше қысқы атмосфера уақыты.
Маусым ашылуына орай Талғар асуынан басталатын түнгі сырғанау да ұйымдастырылады. Көтергіштер 19:00–22:30 аралығында («Комби-2») жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Талғар, Жасыл Алаң, Ақ Аю және Ақбарсық трассалары ашық. Қалған беткейлерді дайындау жұмыстары жүріп жатыр.
