«Музыканың әмбебап тілі»: Мысыр баспасөзі Димаштың пирамидалар жанындағы әнін талдады

Фото: Dimashnews

Гиза пирамидаларының іргесінде өткен «Пирамидалардың жаңғырығы» атты мәдени шарада Димаш Құдайбергеннің концерті Мысырдың ғылыми қауымдастығы мен ақпарат кеңістігінде кең талқылауға түсті, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Азия зерттеулері және аударма орталығын басқаратын д-р Ахмед Мұстафа осы оқиғаға арнайы талдамалы мақала арнап, Димаш құбылысының түрлі мәдениеттерді жақындастырудағы маңызын тереңінен ашып көрсеткен. Гиза жазығында өткен бұл кеш көпшілік үшін тарихи сәт болды.

«Алтыншы мұхит» дауысымен әлемге әйгілі болған қазақстандық әнші көне өркениеттердің символына айналған пирамидалар алдында жеке концертін ұсынды. Өнер иесі өз сөзінде шараның жай ғана гастроль емес, мәдени дипломатияны бейнелейтін ерекше жоба екенін атап өтті.

«Пирамидалардың алдында ән орындау – тарихпен сөйлесу іспетті. Қазақстан да, Мысыр да уақыт сынынан өткен рухани мұраға бай. Біздің мәдениеттерді биік рух, ата-бабаға деген құрмет біріктіреді. Менің дауысым – сол көпірді жеткізуші ғана», – деді Димаш.

Күн еңкейген шақта пирамидалардың кескіні қою аспан аясында ерекше айқындалып, алғашқы ноталар кең жазыққа тарады. Концерт бағдарламасы бірлік туралы, түрлі мәдени үндердің тоғысуы туралы музыкалық сапар тәрізді құрылды. Қазақ әндері мысырлық аспан астында жаңа бояуға еніп, даланың еркін тынысын, жусан иісін еске салған әсер қалдырды. Димаш қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдеріндегі шығармаларды орындап, өзінің көптілді вокалдық мүмкіндігін тағы бір дәлелдеді.

Д-р Ахмед Мұстафа Димаштың өнерін тек орындаушылық шеберлік емес, мәдени дипломатияның жаңа бағыттарының бірі деп санайды. Ол үш негізгі тұсты бөліп көрсетеді:

1. Қазақстанның мәдени беделін күшейту

Бұл концерт Қазақстанның Мысыр сынды көне өркениетпен тең дәрежеде мәдени диалог жүргізе алатынын айқын көрсетті.

2. Халықтар арасындағы рухани жақындасу

Ресми келіссөздерден бөлек, өнер арқылы орнаған байланыс адамдарды эмоционалды түрде біріктіріп, екі ел арасындағы мәдени сабақтастықты нығайтты.

3. Музыканың әмбебап тілі

Орталық Азия даласының әуені Африка пирамидаларының етегінде жаңғырып, өнердің тіл мен ұлт шекарасынан биік тұрғанын дәлелдеді.

Яндекс.Метрика