Фото: gov.kz
Қазіргі уақытта интернетте жалған дипломдарға қатысты түрлі ақпарат жиі жарияланып жүр. Осыған байланысты құжаттардың заңсыз айналымының алдын алу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бастап берілген дипломдарды біріктіретін деректер базасын жасаған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Министрлік жоғары оқу орындары түлектеріне берілетін дипломдардың бірыңғай үлгісін, сондай-ақ олардың серияларын бекіткен.
– Дипломдар арнайы модуль арқылы генерацияланып, әрқайсысына бірегей нөмір мен QR-код беріледі. Жүйеге кіру тек сол модульде тіркелген және ресми түрде жауапты университет қызметкерлеріне ғана рұқсат етілген.
Диплом нөмірлері «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» (ЖББП) жүйесіне енгізілген студенттік деректер негізінде қалыптасады. Егер білім алушы туралы мәлімет платформада жоқ болса, оған диплом нөмірін беру мүмкін емес.
Өзіндік үлгідегі дипломда бірегей нөмір мен QR-код болмаса, ол құжат жарамсыз деп есептеледі, – делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігі жалған дипломдарды дайындау және сатумен айналысатындарды анықтап, тиісті шаралар қолданып келеді. Қылмыстық кодекстің 385-бабы жалған құжат жасағаны немесе қолданғаны үшін айыппұлдан бастап, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жауапкершілікті қарастырады.
– Қазіргі таңда 46 жалған диплом мен оларды дайындауға қатысы бар 20 интернет-ресурс анықталды. Материалдар ІІМ мен МАМ-ға жіберілді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары деректерді цифрландыруды жалғастырып жатыр. Жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын https://epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Ал құжаттың электрондық нұсқасы «Цифрлық құжаттар» мобильді қосымшасында қолжетімді.
