Антониу Коштаның жағымды жаңалығы: Қазақстан азаматтарының Еуропаға баруы жеңілдейді

Фото: Ақорда

Ақордаға ресим сапармен келген Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін визалық режимнің жеңілдеуі өте маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Qazaq.today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Осы аптада Брюссельде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөзді бастадық. Бұл уағдаластық Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін өте маңызды екенін жақсы түсінемін. Келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтарымыздың барыс-келісі, алыс-берісі жиілеп, білім алып, жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай туады. Бұл халықтарымыз арасындағы достықтың нағыз символына айналады», — деп атап өтті Антониу Кошта.

Еуропалық Кеңес президенті БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген тәртіпті дәйекті түрде қорғап келе жатқан Қазақстан тарапына алғыс айтатынын жеткізді.

«Сондай-ақ Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі белсенді әрі конструктивті әрекетін, атап айтқанда, Сіздің Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге көрсеткен қолдауыңызды құптаймыз. Бейбіт әрі өркендеген Оңтүстік Кавказ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдетуде аса маңызды рөл атқарады», — деді ол.

Антониу Кошта сондай-ақ Қазақстан Президентінің саяси реформасына қатысты пікір білдірді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалармен үйлесім тапқан Қазақстан қоғамының өрлеу қарқыны өзара ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге негіз болады. Біз бірлесе отырып, қазіргі сын-қатерлерді халықтарымыздың келешегіне қызмет ететін ортақ мүмкіндіктерге айналдыра алатынымызға сенімдімін», — деді А. Кошта.

Яндекс.Метрика