Қазақстанның «қара алтыны» қыспақта: КТК-ға балама жол табуға мүмкіндік бар ма?

29 қараша күні таңғы уақытта КТК теңіз терминалына шабуыл жасалып, мұнай тиейтін маңызды құрылғы (ВПУ-2) қатты зақымданды. Қазір оның жұмысы тоқтап тұр.

Бұл жай ғана техникалық ақау емес. КТК – Қазақстанның Еуропаға мұнай шығаратын негізгі қақпасы. Еліміз жылына экспортқа шығаратын «қара алтынның» 80 пайызы дәл осы құбыр арқылы өтеді. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты алып кеніштердің тағдыры осы желіге тікелей байланысты.

Energy Monitor қоғамдық қорының атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұлов жағдайға сараптама жасап, Қазақстанның қолында қандай «қосалқы карталар» бар екенін түсіндірді.

Балама жолдар: Бар, бірақ бағасы қымбат

Сарапшының айтуынша, КТК-дан бөлек бізде мұнай таситын 4 бағыт бар. Алайда олардың әрқайсысының өз «әттегенайы» жетерлік.

1. Атырау – Самара (Ресей арқылы) Бұл бағытпен жылына 17 миллион тоннаға дейін мұнай айдауға болады. Қазіргі таңда 12 млн тонна өтуде. Бірақ мұндағы шикізат ресейлік Urals маркасымен араласып кетеді. Санкциядан қорғану үшін оны «KEBCO» деп сатқанымызбен, батыс компаниялары «Транснефть» құбыры арқылы тасымалдауға жүрексінеді.

2. Қытайға бағыт (Атасу – Алашаңқай) Бұл құбырдың қуаты – жылына 20 млн тонна. Бірақ Қазақстан оның тек 1,5 млн тоннасын ғана пайдаланып отыр (қалғанын Ресей қолданады). Мәселе құбырдың өткізу қабілетінде емес, оның ішкі инфрақұрылымында жатыр. Кезінде мұнай батыстан оңтүстікке емес, керісінше тасымалданғандықтан, қазіргі «тар жолдарды» кеңейту қыруар қаржыны талап етеді.

3. Ақтау теңіз порты Ақтаудан Баку мен Махачкалаға танкермен тасуға болады. Бірақ мұның да шегі бар – жылына 5 млн тоннадан аспайды.

4. Бакуге дейін теміржол Вагондармен мұнай тасу – ең ескі әрі қымбат тәсіл. Бұл жолмен де жылына 5 млн тоннадан артық жөнелту қиын.

Неге біз КТК-дан біржола бас тарта алмаймыз?

Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, қазіргі таңда КТК-ға толыққанды балама жоқ. Басты себеп – экономикалық тиімділік.

«КТК арқылы мұнай тасымалдау құны тоннасына шамамен 38 долларды құрайды. Ал балама жолдармен (мысалы, Атыраудан Босфорға дейін) тасымалдау құны 120 долларға дейін жетеді. Айырмашылық жер мен көктей», – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, техникалық кедергілер де аз емес:

  • Каспийдің таяздығы: Ірі танкерлер біздің порттарға кіре алмайды, ал түбін тереңдету жұмыстары ұзақ уақытты алады.

  • Мұнай сапасы: Қазақстандық мұнайдың құрамында күкірт көп. Егер оны Баку-Тбилиси-Джейхан құбырына қоссақ, әзербайжандық таза мұнайдың сапасын бұзады. Бұл үшін Баку бізден өтемақы сұрауы мүмкін.

  • Қаржылық тәуекел: Қытайға жіберілген мұнай әлемдік бағадан (Brent) 4-5 долларға арзан сатылады.

Қорыта айтқанда, егер КТК толық тоқтаса, Қазақстан жылына экспорттайтын 60+ млн тонна мұнайдың орнына, барлық балама жолдарды қосқанда тек 20 млн тоннасын ғана шығара алады. Бұл ел экономикасы үшін ауыр соққы болмақ.

Яндекс.Метрика