Фото: kursiv.media
Қазақстанда тауарларды таңбалау талаптарын орындау кәсіпкерлер үшін тым қымбатқа түсіп жатқаны айтылды. Мәжіліс депутаты, Respublika партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров бизнеске түсетін салмақты азайту үшін жаңа мораторий енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Депутаттың сөзінше, кейбір кәсіпкерлерге таңбалау жүйесіне бейімделу үшін 900 мың теңгеге дейін қаржы қажет, ал мемлекеттік қолдау болмаған жағдайда олардың көпшілігі бұл талаптарды орындай алмайды.
«Біз 2027 жылға дейін, сындарлы маңызы бар тауарларды қоспағанда, таңбалау бойынша мораторий енгізуді ұсынамыз. Көмексіз көптеген кәсіпкер талапқа сай бола алмайды», – деді депутат.
Айдарбек Ходжаназаров сондай-ақ кәсіпкерлерге жүйені енгізу үшін әр сауда нүктесіне 200 мың теңгеге дейін ваучер беруді және барлық ақпараттық жүйелерді біріктіретін бірыңғай API жасауды ұсынды. Бұл түрлі платформаларға тауар туралы мәлімет алмасуға мүмкіндік береді және таңбалау кодтарына бірыңғай тарифтік коридор енгізуге жол ашады.
Бұған дейін тауарларды таңбалау тізімі кеңейіп, оған мотор майлары, сыра, зергерлік бұйымдар және БАД-тар қосылатыны хабарланған еді. Бұл шаралар Қазақстанға контрафакт өнімдердің кіруіне жол бермеу үшін қолға алынған.
