Қазақстан мектептеріндегі әскери дайындық жүйесі жаңа форматта іске асады

Сурет: Enbekshi.qazaq

Қазақстан мектептерінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мазмұны мен оқыту тәртібі қайта қаралып, АӘД сабақтарының құрылымы түбегейлі жаңартылады. Жаңартылған бағдарлама пәннің мазмұнын өзегіне қайта келтіріп, практикалық жаттығулар мен далалық даярлықтың көлемін айтарлықтай арттыруды көздейді.

Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, жаңаша дайындық оқушыларға әскери қызметтің мәні, әскери борыштың маңызы және азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде терең түсінік беруге бағытталған. Сондай-ақ, әскери мамандықтардың мүмкіндіктері, әлеуметтік кепілдіктер және кәсіби өсу жолдары кеңінен түсіндірілмек.

 

Министрдің кеңесшісі Айгүл Тулембаева бұл өзгерістердің мәнін түсіндіріп, АӘД пәнінің шынайы маңызын қайта күшейту керектігін атап өтті.

«Біз алғашқы әскери дайындықты өзінің түпкі міндетіне қайта бағыттап отырмыз. Оқушылар әскери жарғыларды, борыш пен міндеттерді, әлеуметтік қолдау тетіктерін нақты білуі қажет. Қазіргі әскер – мамандық алуға, әрі қарай оқуға мүмкіндік беретін орта. Мектептегі даярлық осының бәрін қамтуы тиіс», — деді ол.

 

Пән мазмұнымен бірге оны оқытатын педагогтарға қойылатын талаптар да жаңартылды. Алдағы уақытта АӘД пәнін тек педагогикалық білімі бар әрі армия қатарында қызмет өткерген мамандар ғана жүргізе алады. Қазіргі ұстаздар жұмыстарын жалғастыра береді, алайда жаңа кадрлар үшін талаптар күшейтілуде.

 

Сонымен қатар, әскери салада кемінде он жыл қызмет еткен азаматтарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында тегін педагогикалық қайта даярлаудан өту мүмкіндігі ұсынылды. Бұл шара АӘД пәнінің мазмұнын тәжірибеге негізделген кәсіби деңгейге көтеруге бағытталған.

Тулембаева бұл талаптың себебін түсіндіріп:

«Оқушылар алдында әскери өмірді өз көзімен көрген, тәжірибесі бар маманның тұруы өте маңызды. Бұл балалардың әскери қызметке деген түсінігін нақтылайды, қажетсіз қорқынышты жояды», — деді.

Жаңартылған ережелердің тағы бір бағыты – далалық сабақтардың жаңа форматы. Енді АӘД бойынша практикалық жаттығулар әскери полигондарда өткізіліп, әскери бөлімдердің командирлері дайындық кезеңдеріне тікелей қатысады. Бұл оқу процесінің практикалық бөлігін күшейтіп, пәнді формальді емес, нақты тәжірибеге бағыттауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, АӘД оқытушыларының біліктілігін арттыру тек Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары оқу орындары немесе арнайы орталықтар арқылы жүзеге асады. Бұл пәннің мазмұнын біріздендіруге және кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған.

Еске сала кетсек, бұған дейін министрлік мектептерде әскери дайындыққа бөлінетін уақыттың жеткіліксіз екенін айтқан болатын. Сондай-ақ алдағы оқу жылынан бастап барлық мектептердегі тәрбие жұмысы бірыңғай «Адал азамат» бағдарламасы негізінде жүргізілетіні белгілі болды.

Яндекс.Метрика