«КТК-ға тәуелділік еліміздің мұнай экспорты үшін стратегиялық қауіпке айналды» — сарапшы

Фото: azh.kz

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов Теңіз кен орнындағы дрон шабуылының салдары Қазақстан экспортының қаншалықты осал екенін айқын көрсеткенін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оның сөзінше, шабуылдан кейін Каспий құбыр консорциумының (КТК) бірқатар нысандары жұмысын тоқтатқан:

ВПУ-3 толық істен шыққан, ал ВПУ-2 екі аптадан бері жөндеуде. Қазір ел тек бір ғана ВПУ-1 арқылы мұнай жөнелтуге мәжбүр болуы мүмкін. Бұл экспорт көлемі мен өндіріс үшін бірден үлкен тәуекел туғызады.

Сарапшының айтуынша, негізгі мәселе — бір ғана экспорттық дәлізге тым тәуелді болу. Соңғы 11 жылда Қазақстан мұнайының КТК арқылы өтетін бөлігі 40%-дан 80%-ға дейін өскен:

  • 2013 — 40%

  • 2016 — 66%

  • 2019 — 76%

  • 2021 — 81%

  • 2024 — 80%

Осылайша КТК іс жүзінде Қазақстан мұнай экспортының жалғыз, дерлік монополиялық бағытына айналған.

Ал диверсификация қайда?

Абзал Нарымбетов соңғы 3–3,5 жылда балама бағыттарды дамыту бойынша айтарлықтай ештеңе жасалмағанын айтады.

Оның айтуынша:

  • 2022 жылдан кейін геосаяси жағдай түбегейлі өзгерді;

  • КТК-ның бірнеше мәрте тоқтауы резервтік бағыттардың қажет екенін көрсетті;

  • “Каспий арқылы балама дәліз” тек сөз жүзінде қалды;

  • Баку немесе Қытай бағыты тәуекелді төмендететіндей деңгейге жетпеді.

Сарапшының пікірінше, бұл тек КТК-ның техникалық проблемасы емес — ұлттық деңгейдегі стратегиялық қауіп.

Қазір Қазақстан мұнайы кез келген форс-мажорда “жедел түрде қайта бағытталуы тиіс”, бірақ қайта бағыттайтын жер жоқ — себебі балама маршруттар алдын ала кеңейтілмеген.

Абзал Нарымбетов шынайы, ұзақ мерзімді диверсификация бағдарламасы қажет екенін айтады. Ол мына қадамдарды қамтуы тиіс:

  • Каспий бағытындағы логистиканы ұлғайту;

  • Баку–Тбилиси–Джейхан дәлізін тұрақты және көлемді коридорға айналдыру;

  • Шығыс бағытын күшейту;

  • Танкерлік және құбырлық маршруттарды біріктіретін аралас модель;

  • Меморандум емес, нақты инфрақұрылым мен қуаттарды іске қосу.

Сарапшының сөзінше, осы бағыттар іске аспайынша, бүгінгідей жағдайлар қайталана береді.

Яндекс.Метрика