Қазақстандағы 14 футбол клубының бесеуі жекенің қолына өтті

Фото: Pixabay
Қазақстандағы 14 кәсіби футбол клубының бесеуі жекеменшікке өтті, ал тағы екі команда бойынша келіссөздер жалғасып жатыр, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ақпаратты туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев растады.

Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың футбол клубтарын жекешелендіру туралы тапсырмасын 2026 жылдың наурызына дейін толық орындау көзделген.

«Ірі компаниялар тарапынан қызығушылық бар, осыған байланысты жұмыс басталып кетті. Жекешелендірумен қатар, инвесторларға балалар академияларын ашу міндеті жүктелді», – деді вице-министр.

Айта кетсек, бұған дейін бірқатар клубтардың жаңа қожайындары анықталған еді. Астананың «Жеңіс» клубын Kaspi.kz компаниясының басшысы Михаил Ломтадзе сатып алды. «Шахтердің» иесі енді кәсіпкер Тимур Турлов. Петропавлдық «Қызылжар» командасы Сергей Канға өтті. «Ақтөбе» клубын Qazaq Stroy басшысы Нұрлан Артықбаев басқаруда. Ал Қызылорданың «Қайсары» 30 қазаннан бері «TAU Group LTD» компаниясының жетекшісі Исламғали Қозыбақовтың қолына өткен.

Яндекс.Метрика