Президент өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді

Мемлекет басшысы өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Президент авиахабтарды дамыту көлік-тасымал саласындағы басым бағыттардың бірі саналатынына тоқталды.

– Күллі әлем елдері транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Халықаралық бәсекелестік күшейе түсті. Қазір Қазақстан арқылы жөнелтілетін жүк, негізінен, автомобиль және теміржол арқылы тасымалданады. Бірақ сарапшылар жыл өткен сайын әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы, яғни «air cargo»-ның үлесі арта түседі деген болжам жасауда. 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы «Азия – Еуропа» бағытына тиесілі болмақ. Еліміз теміржолды, автокөлік жолын және әуе тасымалын қамтитын мультимодальді логистика жүйесін қалыптастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалану қажет екенін айтты.

– Еліміз Еуропа мен Азия арасындағы негізгі әуе жолдарының түйіскен тұсында орналасқан. Біз осы ерекшелігімізді барынша тиімді әрі ұтымды пайдалануымыз керек. Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ аймағында транзиттік жүк тасымалына байланысты бәсеке күшейіп барады. Сондай-ақ көлік-логистика саласына инвестиция тартуға қатысты талас қыза түсті. Біз де батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз керек. Әйтпесе қолда тұрған мүмкіндік пен артықшылықтан айырылып қалуымыз мүмкін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, негізгі әуежайларда толыққанды авиахаб қалыптастыру өте өзекті мәселе.

– Әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын айқындап, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Қазір транзиттік карго-трафиктің қосымша құны төмен болып тұр. Жүк тасымалдаушылар көбіне жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ғана тоқтайды. Біздің әуежайлар жүкті тиеп-жөнелтуге, жинақтауға аса құлықты емес. Себебі елімізде инфрақұрылым дайын емес. Соның салдарынан транзиттік әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Осыған орай арнайы экономикалық аймақтардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуіміз керек. Ұсынылатын жеңілдіктер әрбір хабтың ерекшелігіне қарай жасалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Яндекс.Метрика