«Осындай кезде ауызбіршілік аса маңызды»: Спорт журналисі Жәнібек Әлімханұлын қолдауға шақырды

Фото: instagram.com/aslan.kazhenov

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов жақында рингке шығатын Жәнібек Әлімханұлына қоғам тарапынан қолдау жеткіліксіз екенін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Алдағы күндері Жәнібек кубалық Эрисланди Ларамен жұдырықтасып, бірден үш чемпиондық белбеуді сарапқа салады. Бұл – қазақстандық бокс үшін тарихи белес. Осы деңгейге бұған дейін тек Геннадий Головкин ғана жеткен. Енді сол межеге Жәнібектің өзі де жақындап отыр. Соған қарамастан, оған көрсетіліп жатқан жанкүйерлік серпін тым әлсіз, дейді Қаженов.

Журналистің айтуынша, Головкиннің жекпе-жектері қарсаңында елде ерекше атмосфера қалыптасатын: флешмобтар, түрлі акциялар, ірі компаниялардың демеушілігі, қалаларда баннерлер ілу, алып экраннан көрсетілімдер… Ал бұл жолы мұндай белсенділік байқалмай отыр.

Аслан Қаженов бұған біржақты кінә тағу қиын екенін айтады. Себебі кәсіпқой бокс – бизнес. Бір жағынан, Жәнібек командасы ақпараттық тұрғыда аса белсенді емес, екінші жағынан, боксшының есімін бренд ретінде пайдаланып, серіктестікке қаржы салуға қызығушылық танытып отырған компаниялар да аз. БАҚ-та ақпарат берілгенімен, оның өзі жеткіліксіз.

Сондықтан журналист жанкүйерлерді барынша қолдау көрсетуге үндеді:

— Қарапайым пікір жазу, бейнежазбаларын тарату – бәрі жігер береді. Тіпті Лараның парақшасын көк туымызбен толтырып, Жәнібектің артында бүкіл қазақ елі тұрғанын көрсетуге болады. Мұндай сәтте бірлік аса маңызды, — дейді ол.

Қаженовтің айтуынша, Жәнібектің мақсаты – төрт белдікті біріктіру. Алдағы айқас осы тарихи жолдың бастамасы болуы мүмкін.

— Қазақ жанкүйерлерінің қолдауы дәл қазір ерекше қажет, — деп түйіндеді спорт журналисі.

Яндекс.Метрика