Фото: www.instagram.com/zhu.standup
Стендап-комик әрі іс-шара ұйымдастыруымен айналысатын Әлібек Жұмабаев сахнадағы әзілдері үшін 5 тәулікке қамаққа алынғанымен, арнайы қабылдау изоляторында орын жетіспегендіктен, үйіне жіберілген, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Блогердің айтуынша, жағдай 2025 жылдың 2 қарашасында сағат 21:00 шамасында Семей қаласындағы Момышұлы көшесі 31/33 мекенжайындағы “Костер” мейрамханасында өткен стендап-кеш кезінде орын алған.
Комик Instagram-парақшасында өзіне толтырылған хаттаманың көшірмесін жариялады. Құжатта оның шоу барысында бейәдеп сөздер қолданғаны және өнерінің видеосын әлеуметтік желіге таратқаны жазылған. Хаттамаға сәйкес, Жұмабаевтың әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша “қоғамға құрметсіздік көрсету” ретінде бағаланған.
Әлібек Жұмабаев кейінірек арнайы қабылдау изоляторында бос орын болмағандықтан, қамауда ұстау шарасы жүзеге аспай, үйіне қайтарылғанын жеткізді.
