Фото: видеодан скрин
Белгілі қоғам қайраткері әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Ауыт Мұқибек Алматы мен Астанада қытайлықтардың тым көбейіп кеткенін айтып, алаңдаушылығын білдірді. Оның айтуынша, ҚХР азаматтары Қазақстан аумағында көліктерімен еркін жүре алады, ал біздің азаматтар Қытайға жеке көлігімен өте алмайды. Бұл туралы ол «Қасқа жол» YouTube жобасына берген сұхбатында ашық айтып өтті, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Қоғам қайраткерінің сөзінше, қытайлықтардың елдегі әрекеті бақылаусыз қалып барады.
«Алматыға барсаңыз қытайдың машинасы қаптап жүр, Астанада да жүр. Олар көлігімен бір-ақ келеді, біздің азаматтар солай Қытайға бара ма? Жоқ, біздікі бару үшін кемінде 4-5 млн теңге ақша төлеуің керек екен. Ал олар бір жылға 100 мың теңге төлеп қана көлігімен кіріп жүр. Арзан бензинімізді құйып, “багын” толтырып Алматыда жүр», — деді ол.
Ауыт Мұқибектің айтуынша, Қазақстанға келген қытайлықтар ешқандай талапсыз, бақылаусыз жүр. Базарлардың басын да солар иеленіп үлгерген.
«Қазақстанға келген қытайлар қонақ үйде жатып жүрген жоқ, Алатаудың етегіндегі зәулім үйлерде жатыр. Тамағын да өзімен әкеледі, сенің қонақ үйіңе жатып, рестораныңнан тамақ жеп жатқаны шамалы олардың. Оларға Қазақстанға келсең кемінде бес жұлдызды қонақ үйде жатуың керек деп міндеттеу керек еді. Әсіресе Қытайдан келген қазақтар қайта барса, оларды туыс-туғанының үйіне жатқызбай, мәжбүрлеп апарып қонақ үйге жатқызады полиция. Базардың бәрін қытайлар алып қойды, өздері тауар әкеліп, өздері қоймаға қойып тұрып сатып жатыр. Қазақ байғұс далада қалып жатыр. Отандық өнім өндіру деген Қазақстанның түсіне де кірмейтін болды, қытай арзанын әкеп сатады. Біздер шектеу қоя алмаймыз», — деді министрдің кеңесшісі.
Ол ішкі көші-қон саясатындағы проблемаға да тоқталды. Айтуынша, бөлінген қаражат тиімсіз жұмсалып, Президент тапсырмалары орындалмай отыр.
«Мәулен Әшімбаев біз күткен нәтиже берген жоқ деді. Ішкі көші-қон нәтиже бермесе, сыртқы көші—қон да шешілмеген. Кезінде Солтүстікке, иен жатқан ауылдарға Оңтүстіктен адам апару, қоныстандыруға бір миллиард теңге бөлінген. Оны жеп қойды, көші—қонға бөлінген қаражатты. Арзан үй алып, мәселен ауылдағы үйді 150, 200 мың теңгеге сатып алып, оны бәлен миллион деп көрсетеді. Мен Президенттің саясатын жүз пайыз қолдаймын. Бірақ ол мәжбүрлі түрде емес, ынталандыру арқылы жасалу керек. Бұның ел болып бір тиімді жолдарын ойлап табуымыз керек. Бектенов жуырда көші—қон тұжырымдамасын жаса деді. Яғни, Тамара Дүйсенованың кезіндегі тұжырымдама түкке жарамсыз болып қалды. Бірақ қыруар қаржы желге ұшты», — деді ол.
