Фото: видеодан скрин
Танымал әнші Ақбота Керімбекова кеше ғана ұшақта жолаушыға алғаш көмек көрсеткен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың әрекетін қорғап шықты, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
«Өміріміздің көп бөлігі әуеде өтеді. Жердегі жол қандай қауіпті болса, әуе жолы да сондай, айырмашылығы – аспанда уақыт аз, мүмкіндік шектеулі. Ұшып-қонып жүргенде талай қиын жағдайды көрдік. Құдайға шүкір, мұндай сәттерде жақсы адамдар кездесіп жатады. Бұл оқиға да басқаша аяқталуы мүмкін еді, егер министр ханым өзінің дәрігер екенін ұмытып, тек шенеунік сияқты қарап тұрса…
“Мен министрмін, әрі тұр” демей, керісінше “мен дәрігермін” деп сабырлы түрде көмекке кірісуі – көп нәрсенің айғағы емес пе?! Әлназарованы мақтап, жағынатын адам емеспін. Бірақ біздің қоғам қарапайым адамгершіліктің өзін көтере алмайды. Егер жағдайдың соңы қайғылы болса, “бортта министр болыпты, міне, біздің медицинаның деңгейі” деп сынауға дайын тұрар едік», — дейді Керімбекова.
Әнші министрдің бұл қадамын ерекше бағалап, оның нағыз адам жанының арашашысы екенін айтты.
«Көмектескен сәтін сапарлаушы түсіріп, желіге жариялады. Енді соны әртүрлі бағытқа бұрып, әлек болып жатырмыз. Неге олай? Қазақ қыздарының мықтылығы да осында — алдында қанша сын айтылып, әртүрлі жаман пікір жазылғанда да, ол міз бақпай, өз шаруасын жалғастырды. Бұл жолы да сондай сабырмен қарайды деп ойлаймын.
Бірақ біз, қоғам ретінде, пайда тигізбесек те, зиян тигізбеуге тиіспіз. Ол – дәрігер, адам жаны үшін күресетін маман! Ажалдың алдына қалай баратынымыз белгілі болса, дәрігердің алдына да бір күні барамыз. Сол кезде олар “міне келдің бе?!” демейтіні анық, бірақ бізде де ар-ұят деген болуы керек… Медицинада кемшілік барын білемін, талай шаршаған адамдарды да түсінемін. Бірақ ұшақтағы жағдайды түрлі мақсатта бұрмалау — масқара!
Сіз осы қылығыңызбен бір қазақ қызына жәрдем бердіңіз, министр ханым! “Әр қазақ — менің жалғызым” дейтін халық үшін бұл үлкен адамгершілік. Қазақстан медицинасы да халқымыздың қажетіне жарап, алғысына бөлене берсін!», — деп жазды әнші.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
