Фото: Видеодан алынған кадр
Ұлттық ұлан сарбазы Алмас Шахимов 2022 жылдың 9 тамызында әскерге шақырылғаннан кейін екі айға жетпей көз жұмған еді. Алғашында оның өліміне «құмды дауылдан құлаған шатыр себеп болды» деген ақпарат тарады. Алайда бұл нұсқаға марқұмның жақындары күмән келтіріп, істің қайта қаралуын талап етті. Кейін денесі қайта қазылып алынып, тергеу жаңадан жүргізілді.
Жаңа тергеу нәтижесінде Шахимовтың өліміне қатысты взвод командирі Дәурен Байызбековке айып тағылды. Бүгін өткен сот отырысында ол соңғы сөзін айтты.
«Алмас – жүрегімде мәңгі қалатын бала. Ол өте тәртіпті, ынталы сарбаз болды. Оқиға күні дауыл тұрған, куәгерлердің бәрі түсініктеме берді. Мені жауыз етіп көрсетудің қажеті жоқ. Иә, Алмас қайтыс болды, мен тірімін — айыбым сол ғана», – деді ол сот алдында.
Бұл іс қоғамда да, әскери ортада да үлкен резонанс тудырды. Туыстары әділдік талап етсе, қорғаушылар оқиғаның әлі ашылмаған тұстары бар екенін алға тартады. Үкім алдағы күндері жариялануы мүмкін.
