Астанадағы элиталық зергерлік дүкенді тақырға отырғызып, шетел асып кеткен қазақстандық ақыры қолға түсті. 150 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған күдіктінің «еркіндігі» ұзаққа созылмады.
Бұл оқиғаның нүктесі Ыстамбұлда қойылды. ҚР Ішкі істер министрлігі түрік әріптестерімен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген азаматшаны құрықтады.
Зергерлік дүкендегі «жасырын операция»
Тергеу деректеріне сүйенсек, 33 жастағы келіншек Астанадағы зергерлік бұйымдар сататын дүкенде қарапайым сатушы болып қызмет атқарған. Ол қылмыстық әрекетін бір күнде емес, бірнеше ай бойы жүзеге асырған.
Нақтырақ айтқанда, 2021 жылдың желтоқсаны мен 2022 жылдың маусымы аралығында ол қымбат зергерлік бұйымдарды біртіндеп, білдіртпей ұрлап отырған.
Нәтижесінде дүкен иесіне келтірілген шығын көлемі 156 миллион теңгеден асып түскен. Қылмысы ашылған соң, күдікті ізін суытып, шетелге қашып кеткен.
Интерпол және экстрадиция
Қашқын сатушыға халықаралық іздеу жарияланған болатын. ҚР ІІМ Интерпол Ұлттық орталығы бюросының сұрауы бойынша, түрік полициясы оны Ыстамбұл қаласынан тапты.
«27 қараша күні Түркияның құқық қорғау органдарының көмегімен күдікті Қазақстанға экстрадицияланды», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматша Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігі («Аса ірі көлемдегі ұрлық») бойынша айып тағылып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, ол ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, ІІМ шетелде жасырынған қылмыскерлерді елге қайтару жұмысын күшейтті. Жақында ғана Литвадан кісі өлтіргені үшін 17 жыл бойы іздеуде жүрген тағы бір қылмыскер елге жеткізілген болатын.
