Танымал адвокат Арман Дүйсеновке қатысты істен шеттетілгенін айтты

Фото: видеодан скрин

Арман Дүйсеновтің жұбайы Айсұлу Айданқызы белгілі құқықтанушы Мейірман Шекеевпен жұмысын бастағаннан кейін күтпеген жерден шешімін өзгертіп, одан көмек алудан бас тартқан, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Заңгердің айтуынша, бұл істің артында тұрған «аты аталмаған» бір адам арнайы әдістер қолданып, оны процесстен шеттеткен.

«Құрметті достар, көпшіліктің өтінішімен Айсұлу ханым келіп, жағдайды толық түсіндірген еді. Біз адвокаттармен бірлесе отырып, қандай бағытта әрекет ететінімізді талқылап, істі өз өндірісіме қабылдаған болатынмын. Сол туралы бейнежазба да жарияладым. Алайда біраз уақыттан соң Айсұлу ханым менің бұл іске өкіл ретінде қатыспауымды өтінді.
Мен оның бұл шешіміне бір «аты жоқ» адамның ықпал еткенін сеземін.
Бұл адам өзіне тиімді тәсілдер арқылы мені шетке ысырып тастады. Өкініштісі — Айсұлу ханымның кәсіби заңгерді емес, сырт адамдардың сөзін тыңдауы. Дегенмен қазіргі адвокаттары да білікті мамандар, істі соңына дейін жеткізеді деп сенемін.
Сіздерден кешірім сұраймын. Жағдай осылай қалыптасты. Бірақ қоғамның бір мүшесі ретінде әрі қиын жағдайға бейжай қарай алмайтын азамат ретінде бұл істі назарымнан тыс қалдырмаймын. Егер Айсұлу ханымға қандай да бір қауіп төнсе, көмектесуге дайынмын», – деді ол.

Сонымен қатар Мейірман Шекеев бұл іске қатысуын қаламаған «аты жоқ» адамның жақын арада өз-өзін байқатып қалуы мүмкін екенін де жеткізді.

«Мейірман істі тастап кетті немесе қорықты деген әңгімелер тарамас үшін, шындықты өзім айтып шыққан дұрыс деп санадым.
Біз Руслан Өтепбай екеуміз бұл іске мұқтаж болған жоқпыз, тек шынайы ниетпен көмектескіміз келді. Халықтың өтінішін аяқасты еткіміз келмеді. Айсұлу ханымның қазіргі өкілдері — әріптестерім Гүлмира мен Гүлзира ханымдарға сәттілік тілеймін. Ал біздің қатысуымызды қаламаған «аты жоқ адам» жақын күндері кім екенін көрсетер», – деді заңгер.

Айта кетейік, бұған дейін марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы сұхбатында отбасының баспанасынан айырылу қаупі бар екенін айтқан болатын. Пәтердің бағасы — 140 млн теңге. Марқұмның ұлының досы үйге 65 млн теңге қаржы құйғанын айтып, сотқа жүгінген. Сот үйді босату жөнінде шешім шығарған.

Яндекс.Метрика