Фото: коллаж Sn.kz
Талдықорғанға қарасты Ақсу ауданының Баласаз ауылында Айзат Жұманованы аяусыз ұрып өлтірді деген күдікке іліккен Айбар Жанболаттың ісі бойынша алғашқы сот тыңдауы өтті, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Соттағы прокурордың айтуынша, айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі – «кісі өлтіру» бойынша айып тағылып отыр.
Прокурор оқиғаның қалай өрбігенін былай баяндады: Айбар Жанболат әйелі Айзаттың басқа біреумен телефон арқылы сөйлескенін есіне ала отырып, қызғаныштан оны өлтіру туралы ойға барған. 22 маусым күні мас күйінде жүрген Айбар спортпен шұғылданып жүрген әйелін көріп, өз арам ойын жүзеге асыруға кіріскен. Ол Айзатты Баласаз ауылында бірнеше рет соққыға жыққан.
Жәбірленуші жылап, ұрмауын өтінгенімен, күдікті оны елемей, бас тұсынан соққы беріп, есінен тандырған. Әйел ессіз күйде жатқанда да Айбар соққысын тоқтатпаған. Жедел жәрдем шақырмай, оны тек түнгі 02:30 шамасында ғана Талдықорған қалалық ауруханасына апарған. Алайда алған ауыр жарақат салдарынан Айзат Жұманова жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Алдын ала тыңдауда келесі сот отырысының 5 желтоқсанға жоспарланғаны хабарланды.
