Фото: alash.kz
Қазақстандық мектептердегі мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас тағы да сынға ұшырады. Әлеуметтік желіде тараған видеоүндеу қоғамда қызу талқылануда. Бастауыш сынып мұғалімінің қызы анасын қорғап, көпшіліктен көмек сұрады.
Оқиғаның мән-жайы белгілі болды: 56 жастағы тәжірибелі ұстаз ата-ананың негізсіз айыптауы мен қысымына ұшыраған. Нәтижесінде педагогтің денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған.
20 минуттық айқай және қан қысымы
Зардап шеккен мұғалімнің қызының айтуынша, анасы биыл денсаулығына байланысты сынып жетекшілігінен бас тартпақ болған. Алайда, ата-аналардың табанды өтінішінен кейін, оқушыларды тастамай, жұмысын жалғастыруға келіскен екен.
Өкінішке қарай, сол «жалынған» ата-аналардың бірі ұстазға ауыр сөздер айтып, психологиялық қысым көрсеткен.
«Оқушының анасы 20 минут бойы айқайлап, анамды балағаттаған. Салдарынан анамның қан қысымы күрт көтеріліп кетті. Ол кісінің жасы 56-да, мұндай стресс денсаулығына қауіпті», – дейді видео авторы.
«Министрлікке дейін барамын»
Жанжал барысында мұғалім конфликтіні шешудің қарапайым жолын ұсынған. Егер ата-анаға оқыту әдісі немесе мұғалімнің жеке басы ұнамаса, баланы басқа сыныпқа ауыстыруға болатынын айтқан. Алайда, қарсы тарап бұл ұсынысты қабылдамай, қоқан-лоққы көрсетуге көшкен.
Ата-ананың жауабы желі қолданушыларының ашуын келтірді: «Жоқ, балам осы сыныпта оқиды, ал мен сізді жұмыстан шығартуға тырысамын. Министрлікке шағымданамын».
Бұл жағдай Қазақстандағы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қаншалықты жұмыс істеп тұрғанына қатысты сұрақтар туғызды. Видео авторының мақсаты – тек анасын қорғау емес, жалпы мектеп қабырғасындағы өзара сыйластық мәселесін көтеру.
