Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деп айыпталып, бес жылға бас бостандығынан айырылған Мейірхан Шерниязов төрт ай бұрын түрмеден босап шыққан. Ол Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қаржы пирамидасына қалай тап болғанын және өзі қандай жолмен алданып қалғанын айтып берді, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Оның айтуынша, аталмыш іс бойынша 12 адам сотталған. «Сол он екі адамның төртеу-бесеуін мүлде танымаймын. Бірақ заң жүзінде бізді ұйымдасқан қылмыстық топ деп таныды. Түрмеге барғанда ғана өздері келіп, «Біз бір ОПГ-дамыз» деп таныстырды», – дейді ол.
Шерниязов оқиғаның бастауын 2020 жылмен байланыстырады. Сол кезде ол Әділет есімді жігітпен танысып, оның мейрамханасы мен бургер нүктесіне амбассадор болуға ұсыныс алған. «Жарайды» деп келісіпті. Мейрамхана жұмыс істемеген, ғимарат жөндеу үстінде болған. Кейін олар бұрын ресторатор болған Русланды да шақырып, көмек сұрайды. Уақыт өте келе маркетологпын, юристпін деген бейтаныс адамдар келіп, түрлі бизнес жобалар пайда бола бастайды: антисептик шығару, қара зере өнімдері, тағы басқа жеті-сегіз бағыт.
Осы арада Мейірхан Әділеттен «Астекс» атты компания туралы естиді. «Мен дін жолындағы адам болғандықтан, депозитке ақша салмайтынмын. Әділет маған “Астекске ақша саламын, олар тендермен айналысады, ай сайын 20 пайызға дейін табыс аласың” деді», – дейді ол.
2020 жылдың 14 сәуірінде ол алғашқы салымын енгізген — 9 миллион теңге. Айына 20 пайыз табыс есептегенде, оның айлық кірісі 1,8 миллион болуы тиіс еді. Кейін ол көлігін 9 миллион теңгеге бағалап, екінші рет салым ретінде өткізеді. Осылайша екі салымның жалпы сомасы 18 миллионға жетті. Кейін тағы бірнеше рет ақша қосып, барлығы 40 миллион теңгеге жуық қаржы құйғанын айтады.
