Әсел Сәдуақасова өміріндегі ең ауыр қайғысын айтты

Фото: видеодан алынған кадр 

Белгілі актриса әрі кинопродюсер Әсел Сәдуақасова әлеуметтік желідегі парақшасында ауыр хабармен бөлісті, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

Өнер иесі жақын құрбысынан айырылып, жүрегінің қан жылағанын жасырмады. 43 жастағы жан құрбысы қатерлі ісіктен көз жұмған.

Әсел бұл қайғыға моральдық тұрғыда дайын бола алмағанын айтады.

«Алғаш рет өзіме сондай жақын адамыmdы жоғалтып отырмын. Бұл өте ауыр, қорқынышты сезім екен. Жаныңдай адамды енді ешқашан көрмейтініңді түсіну жүректі қарығандай. Біз үнемі бірге күлетінбіз… Енді ешқашан сыр бөлісе алмайсың, оның жанары мен құшағын сезіне алмайсың. Ең қиыны бес бірдей періштенің анасынан айырылғаны», – деп жазды актриса.

Ол Алматыда болған сайын құрбысымен жиі кездесуге, жанында көбірек болуға тырысқанын айтты.

«Соңғы рет жүздескенімізде ол маған: “Әсел, ешкімнің сөзіне құлақ аспа. Жүрегің нені қалайды соны жаса. Басқа ешкім сен үшін дұрыс шешім қабылдай алмайды. Біз өзімізді тым көп шектейміз. Өмір бір-ақ рет беріледі, ертең не боларын білмейсің” деген еді», – дейді өнер иесі.

Әсел осы сөздерді бұрын талай мәрте оқыса да, олардың шынайы мәні енді ғана санасына терең жеткенін айтады.

«Өмірдің қадірін білмей, ұсақ-түйекке алаңдап, бос нәрселерге ренжіп, уақытты зая өткізіп жататынымыз өкінішті. Аман жүргеннің өзі үлкен шүкір екенін ұмытымыз», – деп жазды ол.

Актрисаның пікірінше, әр адамның өмірді қалай сүретіні өзінің таңдауы.

«Иә, кімге қанша ғұмыр бұйыратынын тек Жаратқан біледі. Бірақ біз өзгерте алатын нәрсе өзімізге берілген жалғыз, қайталанбас өмірді қалай өткізуіміз. Махаббатпен бе, әлде қорқынышпен… Жақындармен бе, әлде өзіңе лайық емес адамдармен… Өз жүрегің қалаған іске бару ма, әлде өзгерістен қашу ма… Бәрі біздің таңдауымыз. Өмір жай ғана сый емес, ол қасиетті аманат. Мұны ұмытпау маңызды», – деп түйіндеді актриса.

Яндекс.Метрика