Семей қаласында грек-рим күресімен шұғылданатын балалар жаттығатын жалғыз спортзалдың жағдайы сын көтермейді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бұл туралы жаттықтырушы Ержан Амарханов әлеуметтік желіде үндеу жариялап, әкімдікке нақты сауал жолдады. Амархановтың айтуынша, ғимараттың жағдайы бірнеше жылдан бері апатты күйде тұр. Жөндеуге қаржы бөлінеді деген уәделер болғанымен, нақты жұмыс басталмаған.
«Бүгін спортзалдың жанынан өттім. Қарап тұрып жүрегім ауырады. Бұл – балалар грек-рим күресіне бара алатын жалғыз зал. Қазір оның жағдайы өте нашар. Бірнеше рет ақша бөлінеді деп айтылған, бірақ әлі күнге дейін бос уәде күйінде қалды. Енді кімге сенерімді білмеймін», – дейді жаттықтырушы.
Оның сөзінше, Қазақстанда жағдай жасалмаған соң, балаларды жарыстарға өз қаражатымен апарып жүр. Ресейге барған сапардың бірінде жаттықтырушылар залдың мүшкіл күйін көріп, тіпті жаңа зал салып беруді ұсынған.
«Ресейдің грек-рим күресі федерациясы біздің залдың жағдайын көріп, ‘Өз ісіңе жан-тәніңмен беріліп жүр екенсің, саған шағын зал салып берейік’ деп ұсыныс жасады. Сол кезде қатты ұялдым. Біз үлкен мемлекетпіз, бірақ балаларға дұрыс жағдай жасап, жаңа спортзал сала алмай отырмыз», – деп жазады Амарханов.
Жаттықтырушы билікке грек-рим күресінің басым спорт түрлерінің қатарынан не себепті алынып тасталғанын да сұрайды.
«Неге грек-рим күресі басым бағыттар тізімінен алынды? Бұл енді қаржы мүлде бөлінбейді деген сөз бе? Біз жарыстарға қазірдің өзінде өз қаражатымызбен барып жүрміз», – дейді ол.
Амарханов биліктен балалар үшін жаңа зал салуға көмектесуді сұрайды.
«Мен бәрібір үмітімді үзбеймін. Біздің даусымыз естіледі деп сенемін. Жаңа спортзал маған емес, балаларға – біздің болашағымызға қажет», – деп жазды жаттықтырушы.
