Бектенов ескертті: Енді кімдер мемлекеттен жәрдемақы ала алмайды?

Фото: Todayinfo.kz

Қазақстан қарызға белшесінен батты ма? Бюджет тапшылығы рекордтық деңгейде

Ел қазынасының жағдайы мәз емес. Қазақстанның бюджет тапшылығы 5,8 триллион теңгеден асып түсті. Ал ең қорқыныштысы – мемлекеттің сыртқы қарызы 172,8 миллиард долларға жетіп, тарихи антирекорд орнатты.

Orda.kz хабарлауынша, биылғы тоғыз айда бюджет кірісі өскенімен, шығыстар одан едәуір асып түскен. Үкімет пайда болған алып «тесікті» жамау және ескі қарыздардан құтылу үшін тағы да 6,5 триллион теңге қарыз алуға мәжбүр болды.

Ақша қайда кетіп жатыр?

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жаңа шолуына сүйенсек, республикалық бюджет шығыны бірден 7,6%-ға өсіп, 18,5 триллион теңгені құрады. Қаржының басым бөлігі мына бағыттарға жұмсалуда:

  • Әлеуметтік төлемдер (+461 млрд теңге);

  • Трансферттер (+394 млрд теңге);

  • Мемлекеттік борышты өтеу (+330 млрд теңге).

Жергілікті әкімдіктердің де тәбеті ашылып барады. Жергілікті бюджет шығындары 15,7%-ға артып, қосымша 1,6 триллион теңге жұмсалған.

Ұлттық қор және салық түсімдері

Әрине, жағымды жаңалықтар да жоқ емес. Салық түсімдері 15,5%-ға өсіп, 19,1 триллион теңгеге жетті. Бұған ҚҚС (НДС), корпоративтік салық және мұнай экспортынан түскен баж салығы септігін тигізді.

Алайда, Ұлттық қорға түсетін салық көлемі азайған (мұнай бағасының құбылуына байланысты). Дегенмен, инвестициялық табыстың арқасында қор активтері 3,9 миллиард долларға көбейіп, жалпы сомасы 62,7 миллиард долларды құрады.

Маңызды өзгеріс: Қаржы министрлігі 2026 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді екі есеге жуық, яғни 5,3-тен 2,8 триллион теңгеге дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Премьер-министр қатаң ескерту жасады

Сарапшылар «қарыз осылай өсе берсе, экономика құлдырауы мүмкін» деп дабыл қағуда. Сыртқы қарыз қазірдің өзінде ІЖӨ-нің (ВВП) 59,2 пайызына тең.

Алайда Премьер-министр Олжас Бектенов жағдай бақылауда екенін айтады. Оның сөзінше, халықаралық әдістеме бойынша мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 23,6%-ын құрайды, бұл қауіпсіз деңгей.

Ең бастысы, Үкімет басшысы әлеуметтік саясаттағы түбегейлі өзгеріс туралы айтты.

«Мемлекет бұдан былай жұмыс істей алатын адамдарды асырамайды. Әлеуметтік көмек тек өзін қамтамасыз етуге қауқарсыз жандарға ғана беріледі», – деді Бектенов.

Яндекс.Метрика