Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеді.
Жиі апат болатын учаскелерде жылдамдық төмендетіліп, жаңа жол белгілері қойылды, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
«Ең апатты учаскелер анықталды. Қазір бұл жолдарда жылдамдықты төмендету, қажетті белгілерді орнату бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған шаралар жалғасады», – деді Мақсат Қалиақпаров Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, жақында Ақтөбе облысындағы қауіпті жолдың бір бөлігі жөнделген, осыдан кейін ол жерде бірде-бір жол апаты тіркелмеген.
«Ақтөбе облысында бірнеше апатты қауіпті учаске бар. Соның бірінде жуырда тиісті шаралар қабылданды және расымен өзгерістер енгізілгеннен кейін бірде-бір жол апаты болған жоқ. Қазақстан бойынша мұндай учаскелер елуге жуық. Барлық өңірде жұмыстар жүріп жатыр, жол белгілері орнатып, ерекше бақылау күшейтілуде. Мұны ІІМ мен ТЖМ қызметтерімен бірлесіп істеп жатырмыз», – деп мәлімдеді Мақсат Қалиақпаров.
