Фото: видеодан скрин
Әлеуметтік желілерде Нұр-Мұқасан тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлейменнің соққыға жығылғаны жайлы ақпарат тарады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Бейнежазбада Ғалымжан Сүлеймен өзін үш адам ұрғанын, олардың ішінде тобының бұрынғы мүшесі Мұқасан Шахзадаевтың да бар екенін айтты. Ол бұл қақтығыстың топ орындаған әндердің авторлық құқықтарына байланысты туындағанын жеткізді.
Алматы қаласы полиция департаменті осы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
– 2025 жылғы 22 қарашада Наурызбай аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын М. мен бірнеше тұлға тарапынан дене жарақатын алуы туралы арыз түсті. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу жүргізілуде. ҚР заңнамасына сәйкес қажетті шаралар қабылданады, – деп хабарлады департаменттен.
