24 қарашада республика бойынша қай жолдарда шектеу бар

Фото: Egemen.kz

Қазақстанда 24 қараша күні бірқатар өңірде жолдарда қозғалыс шектеуі сақталып отыр. Ал енді бір өңірде ауа райының жақсаруына байланысты жылдамдық режимі көтерілді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы. 

Ұлттық компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 23 қарашада сағат 11:00-де Ақмола облысында ауа райының жақсаруына байланысты республикалық маңызы бар «KAZ02 Астана – Көкшетау (айналма жолымен) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол бекеті)» автожолының 19-231-шақырымында барлық көлік түрі үшін жылдамдық режимі 80 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа өзгертілді.

Ал үш облыстағы жолдарда қозғалыс бойынша шектеу әлі де бар.

Павлодар облысы

«Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолында (Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астанаға шығатын бағыт) көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.

Қалқаман елді мекенінен Астанаға қозғалыс Береке «Қалқаман – Ақсу» көлік айрығы арқылы (ұзақтығы 6 шақырым) және Павлодар қаласынан Қалқаман елді мекеніне қозғалыс «Баянауыл» көлік айрығы арқылы жүзеге асырылады.

Солтүстік Қазақстан облысы

«Тимирязево – Сарыкөл – облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы – Тимирязево ауылы) көліктің барлық түрі үшін шектеу бар.

Шығыс Қазақстан облысы

Тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.

Ауа райы

24 қарашада Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу және Павлодар облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауады.

– Сол себепті жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз, — делінген хабарламада.

Яндекс.Метрика