Фото: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Геннадий Головкин. Фото Ақорданың баспасөз қызметінен алынды
Геннадий Головкин World Boxing ұйымының басшысы болып тағайындалуына қатысты пікір білдіріп: «Елімнің намысын қорғау – мен үшін үлкен мәртебе», – деді.
Атақты боксшы кезекті рекордын орнатты – бұған дейін ешбір қазақстандық спорттың ешбір түрінен халықаралық федерацияны басқармаған еді.
Tengrinews.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Головкин өзінің әлемдік танымалдығы ел спортын жаңа деңгейге шығаруға қалай септігін тигізгені туралы ашық айтты. Сондай-ақ ол әділетсіз төрелікпен күресуінің жеке себептеріне тоқталып, оның Ұлттық олимпиадалық комитет (ҰОК) президенті қызметінен кетуін қалайтындарға жауап берді.
– Геннадий Геннадийұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Сайлауалды жарыс кезінде Сіз басқалардан ерекшеленетін, білім беруге, цифрландыруға және спортшыларды қорғауға басымдық беретін бағдарлама ұсындыңыз. Сіздің ойыңызша, осылардың қайсысы әлемдік боксты өзгерте алады?
– Мұнда бәрі өзара тығыз байланысты. Ешбір буынды алып тастауға болмайды. Цифрландыру да, білім беру де – осы спорт түрінің даму бағыты. Төрешілердің біліктілігін арттыру, адами факторды жою, жасанды интеллектіні іске қосу және спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Біз тек ойынның көрнектілігін ғана емес, бокстан кейінгі спортшылардың өмірін де ойлауымыз керек. Мұның бәрі адамдардың бұл спорт түрін қалай қабылдайтынын өзгертеді.
– Сіз Digital Ringside жүйесін енгізуді ұсынып отырсыз. Бұл жемқорлықпен күресте және әуесқой бокстың беделін қайтаруда басты рөл атқара ма? Бұл жүйе жанкүйерлер үшін ашық бола ма?
– Меніңше, иә. Қазіргі уақытта бұл қажет деп санаймын, өйткені ол басқа спорт түрлерінде қолданылады. Алдыңғы Олимпиада ойындары мен турнирлер көрсеткендей, бұл жүйе жұмыс істеді және қарапайым көрерменге анық әрі түсінікті болды. Бәрі ұпайдың қалай есептелетін, процестің қалай жүретінін түсінді. Рингте не болып жатқанын түсіну – боксқа деген қызығушылықты қайтарады. Барлығы бір ережемен жұдырықтасады. Егер қарсыласқа соққы тигізсең – демек, тигіздің.
– Әділетсіз төрелік бокстағы жемқорлық жүйесінің бір бөлігі ретінде жиі талқыланады. Қазақстандық боксшылар да мұнымен бірнеше рет бетпе-бет келді. Сіз де шет қалмадыңыз – 2004 жылғы Олимпиададағы күміс жүлдеңіз өте даулы болды. Сіздің жеке тәжірибеңіз мұндай келеңсіздіктерді жоюға деген ұмтылысыңызға түрткі болды ма?
– Қалауын тапса, кез келген спорт түрінен «бұра тартуды» табуға болады. Әрқашан кіретін және шығатын жол тауып, бірдеңе ұйымдастыруға болады. Біздің міндет – мұның бәрін барынша азайту. Әрине, оны толығымен жою туралы тек армандауға болады. Адами факторды ешқашан жоққа шығаруға болмайды, біреулер жаңа жүйеге де бейімделуге тырысады. Бірақ, егер жүйе азды-көпті ашық болса, барлық спортшылар мен командалар бірдей позицияда, бірдей жағдайда болады. Бақылаймыз. Бұл жұмыс процесі – бәрі қалай өзгеретінін қарап, жақсы жаққа өзгеруіне тікелей атсалысу.
Егер мен туралы айтсақ – әрине, бұл менің кезінде кәсіпқой боксқа кетуіме себеп болған жағдайлардың бірі. Сөзсіз солай. Боксқа қайта оралуымның себебі де осы. Мұндай әділетсіз, жемқорлық нәрселер тым көп. Бокс – тек рингте ғана күреспейтін спорт түрі.
– Сіз World Boxing олимпиадалық комиссиясына келгенде, біздің боксшыларға қатысты төрелік жақсарғандай көрінді.
– Мен олимпиадалық комиссияға келгенде, Қазақстан деген команда бар екені, біздің дәстүрлеріміз болғаны қайта еске түсті. Бізде шынымен әлемдік деңгейдегі көшбасшылық болғанын еске алып, соған назар аудара бастады. Бірақ мен комиссияға келген алғашқы жарыстардағы назар онша ақталмады десем болады. Себебі спортшылар біреуден айқын басым түсіп, жарқырап көріне қоймады. Дегенмен қуантарлығы, соңғы жылы боксшыларымыздың – ерлер құрамасының да, әйелдер құрамасының да прогресі байқалады, олар қатты дамып келеді.
Керісінше, мен боксшыларымызға айтарым – мен келдім, енді назар да, талап та күшейе түседі. Егер рингке Қазақстан өкілі шықса, оған жіті назар аударылып, әр сәтіне шүйліге қарайды. Сондықтан олар екі есе жауапкершілікті сезінсін. Олардың қателігіне ешкім көз жұмбайды. Босаңсымасын. Мұны бәрі түсінсін.
«Головкин келді, енді құлағымыздан сүйреп шығарады» деп үміттенбесін. Біздің боксшыларға жаны ашитындар да мұны ұқсын. Қазір өз-өзіңді көрсетіп, позициямызды қайтарып, дәстүрімізді бастапқы биігіне көтеру керек.
– Екі жылға жуық уақыт Қазақстан ҰОК-ын басқарып келесіз. Қазақстандық спортшылар қатысатын турнирлерге үнемі барып, бокс құрамасын жеке қолдап жүрсіз. Қазіргі қазақ боксының дамуын қалай бағалайсыз?
– Егер жағдай туралы айтсақ – ол ең жоғары деңгейде. Басқалардан жақсы ма, жаман ба білмеймін, бірақ мен мұндайды көрген емеспін. Ал боксшылар туралы айтсақ – даму шынымен бар. Мұны Ливерпульдегі әлем чемпионаты көрсетті. Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғаны қатты қуантады. Бұл шынымен атқарылған жұмыстың нәтижесі. Жігіттер үшінші раундта әрең шыдап тұруды қойып, нағыз бокс көрсете бастады. Жеңісті жұлып алу емес, тым болмаса үш раунд бойы тынысы ашылып жұдырықтасатын болды.
– Бұл сондай-ақ Сіздің Қазақстан құрамасына өзіңізбен соңғы уақытта кәсіпқой бокста бірге жұмыс істеген дене шынықтыру жаттықтырушысы Кристофер Камачоны шақырғаныңыздың әсері ме?
– Иә, мен ұсындым, сөйтіп өзімнің дене шынықтыру жаттықтырушыларымның бірін алып келе алдық. Ол көмектеседі, бағыт береді, оның қажеттілігі зор. Нәтиже бар екеніне қуаныштымын.
– Ал боксшылардың қазір әуесқой және кәсіпқой бокста қатар өнер көрсете алатынына жеке көзқарасыңыз қандай? Мысалы, биыл өзінің дебюттік ересектер біріншілігінде әлем чемпионы атанған Төрехан Сабырхан солай жасап жүр.
– Мен ең алдымен спортшылардың қауіпсіздігін жақтаймын. Егер кәсіпқой бокс туралы айтсақ, 18 жасар жас спортшының тісқаққан мықтыға қарсы шығуы өте қауіпті. Дегенмен кейде бірегей боксшылар кездеседі. Бізде сондай спортшының бар екені, оның қолынан бәрі келіп жатқаны өте керемет. Әркімнің өз таңдауы бар. Бірақ қандай деңгейдегі кәсіпқойлардың жіберілетінін түсіну керек.
Егер сен кәсіпқой бокста бастапқы деңгейде 4-6 раунд жұдырықтассаң – бұл бір басқа. Ал тәжірибелі кәсіпқойға қарсы жас әуесқой боксшыны шығару – сөзсіз дұрыс емес. Бұл жағдайда жай ғана боксты түсініп, тәжірибелі кәсіпқойдың келтіруі мүмкін зардабын сезіну қажет.
– Сіз Қазақстан үшін онсыз да көп еңбек сіңірдіңіз, демалуыңызға болар еді. Бірақ алдымен Қазақстан ҰОК басшысы болдыңыз, енді әлемдік бокста жеке қатысуды талап ететін күрделі реформаларды ұсынып жатырсыз. Сіздің жеке мотивацияңыз неде?
– Жай ғана менімен санасатынын түсінемін. Бұл қаншалықты пафосты естілсе де. Менен тек атақты спортшыны ғана көрмейді. Мұнда көптеген фактор бар. Жағымды бэкграунды бар әлемдік танымал тұлға және халықаралық тәжірибе. Тек туған еліңде ғана емес, шетелде де жасаған істерің. Бұл – танымалдық, жаһандану. Оған қоса 15 жыл бойы менің жеке промоутерлік компаниям бар, әуесқойлармен және кәсіпқойлармен жұмыс жүргіземін. Бұл – танымалдылық және ең бастысы, оң имидж. Плюс – мен шенеунік ретінде емес, спортшы ретінде жүрмін. «Баке-Сәкемен» қойылған адам емес, әлемдік спорттың ең жоғары деңгейінде ұзақ әрі тұрақты тәжірибесі бар кәсіби спортшы ретінде.
– Сіздің танымалдығыңыз бен ауқымыңыз боксты ұзақ мерзімге олимпиадалық бағдарламаға қайтаруға көмектесуі керек екенімен келісесіз бе?
– Бұл бірден түсінікті болды. Лос-Анджелестегі алдағы Олимпиада ойындарына бокс қарастырылмаған еді, оны олимпиадалық бағдарламадан шығарғысы келді. Өйткені түсініксіз жайттар көп болды, олар туралы заңдық тұрғыдан менің айтуға да құқығым жоқ. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) менің кандидатурама сенім артты, бәрін жоғары деңгейге шығаруға болатынына сенді, маған сенім білдірді және мен сол үшін өте ризамын.
– Сіз Қазақстан үшін кезекті жетістікке қол жеткіздіңіз – халықаралық федерацияны басқарған тұңғыш қазақстандық болдыңыз.
– Және мен бұған өте қуаныштымын. Еліміздің менің тұлғам арқылы осындай деңгейге жеткенін мақтан тұтамын. Бұл үшін барлық жанкүйерлерге және елдің беделі мен имиджі үшін мұның қаншалықты маңызды екенін түсінетін Мемлекет басшысына алғыс айтқым келеді.
– Меніңше, бұның қаншалықты ауқымды екенін елімізде әлі ешкім толық түсінбейтін сияқты.
– Алысқа бармай-ақ қояйық, таныстарым менен сұрайды: «Халықаралық федерацияны басқару деген немен тең?» деп. Олар халықаралық федерацияларды нақты кімдер басқаратынын бағамдай бастағанда ғана, оның ауқымын түсіне бастайды. Олар халықаралық федерация басшыларының мемлекет басшыларымен кездесетінін және тек өз спорт түрін ғана емес, өз елін де таныстыратынын біле бастайды. Міне, сонда ғана олар мұның маңыздылығын, осы биіктікті сезінеді. Неге мен мұны ел жетістігі деймін? Өйткені мен шын жүректен, бар болмысыммен ел жағындамын! Мен мұны ел алдындағы борышым деп санаймын. Білесіз бе, өте көп атақты адамдар, мүмкіндігі зор, ауқатты, амбициялы адамдар мұндай қызметті атқарғысы келетін еді, бірақ бұл маған бұйырды.
– Отан алдындағы борыш жағынан алғанда, Сізге уайымдаудың қажеті жоқ сияқты.
– Мен қазір еліме қарызымды қайтарып жатырмын, өйткені бұл менің Отаным. Мен кез келген азамат сияқты өз үлесімді қосқым келеді.
Әлі күнге дейін кейбіреулердің менің атымды жамылып хайп жасауға қалай дәті баратынын түсінбеймін. Мен жай ғана таңғаламын. Мен спортшыларға інілеримдей, жерлестерімдей, туған адамдарымдай қараймын. Ал енді өзіңе жақын біреу саған қарсы бірдеңе жасаса, мен үшін бұл қоғамның дерті сияқты көрінеді.
– Әдетте хайпты ең танымал адамдар арқылы жасайды ғой…
– Мүмкін бұл тәкаппарлық болып естілер, бірақ мен арқылы хайп жасауға олардың мүлдем құқығы жоқ. Себеп те жоқ. Қаншалықты бұзылған болсаң, соншалықты хайп жасайсың.
– Жаңа қызметіңіздің деңгейі мен ауқымы даусыз. Бірақ Сіз сондай-ақ Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетін басқарасыз. Бұл екі қызметті қатар алып жүру қиындық тудырмай ма?
– Жоқ. Мені тыңдаңыздар – мен ҰОК-тан кетейін деп жатқан жоқпын. Мұны бәрі түсінсін. Қазақстан – менің Отаным, мен оны таныстырамын және ол үшін күресемін. Бұл мен үшін мәртебе. Елімнің спорттық беделін көтеру үшін танымалдығымды барынша пайдаланамын. Сондықтан осы тақырыптағы барлық интриғалар тоқтасын.
Біз ҰОК-ты Халықаралық олимпиада комитетімен өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығардық. Нақты мақсат-міндеттер бар, жоспарлар грандиозды. Өз еркіммен кету ойымда жоқ және жоспарлап та отырған жоқпын. ХОК тарапынан толық түсіністік, серіктестік және адами қарым-қатынас, толық сенім мен қолдаудың арқасында алдыма одан да жоғары міндеттер қойып, межені одан әрі биіктетіп жатырмын.
Өкілеттік мерзімі бар, халықаралық процедуралар бар. Өз позициям мен мүмкіндіктерімді сезіне отырып, мен ел үшін имидждік жоғалтуларға жол бергім келмейді.
Мен Қазақстанның барлық спортына жанкүйермін. Барлық қазақстандық спортшылар үшін уайымдаймын. Өзіңіз атап өткендей, көптеген турнирлерге барамын. Бірақ мен жігіттерімізді жай ғана функционер ретінде қолдамаймын. Олар маған шынымен бейжай емес, біздің қарым-қатынасымыз өте құнды. Мен өзім де олардың орнында болғанмын ғой. Турнирлерге жай ғана спортшыларды жігерлендіру үшін емес, оларды өз үлгіммен шабыттандыру үшін барамын.
– Сіздің қоштасу жекпе-жегіңіз туралы сұраққа нүкте қояйықшы. Сіз мәселе ашық күйінде қалады дедіңіз, бірақ бұл өте бұлыңғыр жауап.
– Ешқашан ешқашан деме. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар.
