Фото: ПД
Алматы облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам көз жұмып, екі адам жарақат алды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Алматы — Өскемен автожолының 94-шақырымында жол апаты болған. Changan маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жүк көлігінің артына соғылған. Одан кейін көлік жол қоршауына түйіскен. Ал Toyota Estima жүргізушісі Changan автокөлігіне соқтығысқан. Жол апатының видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды.
Сондай-ақ соққы салдарынан Changan автокөлігінің қозғалтқышы жолдың қарсы бағытына ұшып, Ford Focus автокөлігіне тиген.
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан Changan көлігінің жолаушылары оқиға орнында көз жұмды. Аталған көліктің жүргізушісі мен Toyota Estima жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді, — деп хабарлады департаменттен.
Полиция қызметкерлері қазір жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіп жатыр.
