Фото: видеодан скрин
Семейдің бірнеше шағынауданында жертөлелерді шайған кәріз суы бір айға жуық уақыт бойы тұрғындарға тыныштық бермей отыр. Үйлер мен подъездерде тұрмақ, мектептер мен балабақшалардың өзінде сасық иістен демалу мүмкін еместігі айтылуда, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.
Тұрғындар «Водоканал» мен ТКШ бөлімінің үш аптадан бері тек уәде беріп, нақты жұмыс істемегеніне ашулы.
Жергілікті әкімдік жағдайды «бақылаудамыз» деп мәлімдегенімен, иіс күшейіп, үйлердің қабырғаларына дейін жарылу қаупі пайда болған.
Санитарлық талаптардың өрескел бұзылуы – қала тұрғындарының денсаулығына тікелей қауіп, ал бірінші қабаттағы дүкендер мен клиникаларға келу мүлде қауіпті болып отыр.
Халық жертөледегі лас судың Ертіске төгілу ықтималдығын айтып, экологиялық дабыл қағуда, бірақ билік бұл сұраққа да нақты жауап бере алмады. Қала әкімдігі шұғыл әрекет етпесе, бұл жағдай тек тұрмыстық қолайсыздық емес, бүкіл Семей үшін үлкен техногендік қауіпке айналмақ.
