Фото: Pixabay
Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті жүргізген іс-шаралар нәтижесінде 28 658 заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсаловтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, заң бұзушылықтың 14 643-і немесе 57,1 пайызы денсаулық сақтау, 5 979-ы (23,3 пайызы) ауыл шаруашылығы, 4 997-сі (8,3 пайызы) сәулет және құрылыс, 1 290-ы (5 пайызы) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 827-сі (2,5 пайызы) жер қатынастары, 422-сі (1,6 пайызы) көлік және коммуникация, 500-і (1,9 пайызы) өзге салалардың үлесіне тиеді.
Оның сөзіне қарағанда, 57 бақылау іс-шарасын жүргізу барысында 9 747 бұзушылық анықталған. Мұның көпшілігі немесе 6 520-сы (66,9 пайызы) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін сақтамаушылық болып отыр.
— Сонымен қатар сыртқы мониторингпен 18 911 бұзушылық белгілі болса, осының 13 232-сі – негізсіз бас тарту, 1 908-і – құжат топтамасы толық болмаған жағдайда қызмет көрсету, 1 583-і – мерзімін бұзу, 1 710-ы – өзге бұзушылықтар. Бұларға жол берген кінәлі 36 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабына (рұқсат берудің тәртiбiн және мерзiмiн бұзу) сәйкес 64 хаттама толтырылып, 42 лауазымды қызметкерге 3,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды, — деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, жыл басынан бері әдеп жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізіліп, 59 мәселе (мұның 42-сі немесе 71 пайызы профилактикалық бағытта) қаралған.
— Әдеп жөніндегі кеңес ұсынымына сәйкес 16 лауазымды қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Соның ішінде Әдеп кодесінің талаптарын сақтамаған 1 адам ескерту, екеуі сөгіс, үшеуі қатаң сөгіс, төртеуі қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алды. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін 5 қызметкерге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілсе, біреуі жұмысынан босатылды, — деп қосты М.Байсалов.
