Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов бірнеше рет мәселені жұдырықпен шешкенін жасырмады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
«КСРО-ның спорт шебері болған соң қолымнан іс келеді. Менің жұдырығым басты қаруым болды. Сондықтан «разборкаларға» барған кезде әңгімені тыңдап отырамын. Содан кейін біздің жақтан артық әңгімелер қозғалып жатса, өзім тоқтатамын. «Сен дұрыс істеп жатқан жоқсың. Осылар дұрыс айтып отыр. Мәселе осы адамдардың пайдасына шешілуі керек. Жіберген қателігімізді дұрыстауымыз керек» деп әділін айтатынмын. Ал жағдай керісінше болып, сөзге тоқтамаса әңгіме басқаша болатын. Оны қалай тоқтатасың? Жұдырықпен тоқтатасың. «Разборкаға» келгендердің бәрінің мәселесін спорт шешетін. Ол боксшы балуан да болуы мүмкін. Жұдырық жұмсалған 1-2 сәт болды. Олар қателігін мойындап, кейін кешірім сұрады», — дейді боксшы.
Ермахан Ыбырайымов бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері. Азия ойындарының және Азия біріншілігінің жеңімпазы. Әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері. Ол 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан кейін спорттық мансабын аяқтады. Ал 2002-2004 жылдары ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарған.
