«Бір рет көру – қайғыға жеткізуі мүмкін»: Астанада жасөспірімдерге есірткінің шынайы қаупі түсіндірілді

Астанада №4 балалар кітапханасында жасөспірімдерге арналған ашық әңгіме өтті. «Нашақорлық – ғасыр дерті!» деп аталатын бұл кездесуге №48 мектептің сегізінші сынып оқушылары қатысып, полиция инспекторларымен бетпе-бет сөйлесті. Мұндай шаралар елордада «Астана — есірткісіз қала» жобасы аясында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Ұйымдастырушылардың мақсаты — жастарды тәуелділікке әкелетін жасырын қауіптерден қорғау, дұрыс бағыт беру және есірткінің салдары туралы ашық айту. Шара 19 қарашада дәл осы кітапханада өткізілген профилактикалық іс-шараның жалғасы ретінде өтті.

«Бір рет байқап көремін деп ойламаңыз»

Кездесуде ювеналдық полицияның аға инспекторы Ақдидар Шәрімбекова балаларға есірткінің шынайы салдарын қарапайым тілмен түсіндірді. Оның айтуынша, есірткіге тәуелділіктен толық айығу өте қиын.

“Егер 100 адамның 10-ы ғана жазылса — бұл үлкен жеңіс. Көпшілігі толық айыға алмайды. Ең ауыр тәуелділіктің қатарында есіркі және лудомания бар. Мұндай адамдардың қоғамға қайта бейімделуі өте қиын. «Бір рет байқап көремін, кейін тоқтаймын» деп ойлау — ең үлкен қателік. Көбі тоқтай алмайды. Сондықтан өз-өзіңді алдама» — деді аға инспектор.

Ол сондай-ақ вейп пен электронды сигареттердің «зиянсыз бу емес», құрамында синтетикалық улы компоненттер бар екенін атап өтті. Полиция дерегінше, қазір жасөспірімдер арасында ең жылдам таралып жатқан әдет — дәл осы вейп.

14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік бар

Кездесуде балаларға заң талаптары да түсіндірілді.
Шәрімбекованың айтуынша, есірткіні сақтау, тасымалдау немесе сату әрекеті үшін Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша қатаң жаза қарастырылған.

“Бұл бап бойынша жауапкершілік 16 жастан толық қаралады. Бірақ ауыр және аса ауыр қылмыс болса, бала 14 жастан бастап жауап береді. «Закладчик» болғаны үшін де жауапкершіліктен құтыла алмайды. Есірткі тасымалдағаны үшін әкімшілік айыппұл деген ұғым жоқ” — деді инспектор.

Бұл ақпаратты естіген оқушылар да, ата-аналар да таңданыс білдірді. Себебі көпшіліктің ойында «жасөспірім болған соң жауапкершілік жеңіл» деген түсінік бар.

Қауіп қайдан басталады?

  • Инспекторлар жасөспірімдерге негізгі қауіп көздерін де ашық айтты:
    Вейп, электронды темекі
    Әлеуметтік желі арқылы «жасырын жұмыс» ұсыну
    Таныстардың қысымы
    Қызығушылықтан «бір рет көріп көру»
    Бос уақыттың көп болуы
    Белсенділіктің, спорттың жоқтығы
  • Оқушылар бұл тақырыпқа байланысты сұрақтарын еркін қойды. «Егер досым есірткі ұсынса не істеуім керек?», «Қай жерге жүгіне аламын?» деген сұрақтар көп болды.

Кітап көрмесі және ескерту видеосы көрсетілді

Шара аясында «Денсаулықты сақтайық: есірткіге жол жоқ» атты көрме ұйымдастырылды. Онда есірткінің нақты зияны туралы материалдар, салауатты өмір салтын насихаттайтын кітаптар мен мақалалар қойылды.

Балаларға арнайы түсірілген «закладка» туралы қысқа бейнеролик те көрсетілді. Онда жасөспірімдерді қылмысқа тартудың жаңа әдістері мен әлеуметтік желі арқылы алдау үлгілері көрсетілген.

Кітапхана меңгерушісі Ғалина Збоева мұндай кездесулерді жиі өткізетіндерін айтты.

— Біз жеке мектептермен де, мемлекеттік оқу орындарымен де жұмыс жүргіземіз. Мақсатымыз — балаларға шынайы ақпарат беру. Инспекторлар лекция оқиды, кейін ашық әңгіме басталады. Балаларда сұрақ көп. «Қайда баруға болады?», «Кім көмектесе алады?» деген сұрақтарды талқылау өте маңызды.
Сондықтан мұндай шараларды тоқтатпаймыз, — деді ол.

Неге мұндай кездесулер маңызды?

Соңғы жылдары жасөспірімдер арасында вейп, никотин пакеттері, синтетикалық есірткі туралы ақпараттың жылдам таралуы ата-аналарды алаңдатып отыр.

Ал мамандардың сөзінше, қазіргі ең үлкен қауіп — «бәрі жеңіл, ештеңе болмайды» деген жалған сенім.

Осындай кездесулердің ерекшелігі — балалар нақты мамандардан шынайы мысалдар мен өмірлік жағдайларды естиді. Бұл — құрғақ лекциядан әлдеқайда әсерлі.

Ата-аналарға кеңес

  • Полиция мен кітапхана қызметкерлері ата-аналарға да бірнеше маңызды кеңес берді:
    Баланың мінез-құлқындағы өзгерісті елемей қалмау
    Қолының, киімінің иісін, көзінің күйін бақылау
    Ақша жұмсау әдетін қадағалау
    Телефондағы белгісіз чаттар мен байланыстарға назар аудару
    Балаға тыйым салмай, сөйлесу арқылы түсіндіру

Астанада өткен бұл кездесу — жай ғана профилактика емес. Бұл — әр баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін әңгіме.
Полицияның айтқаны шын: «Бір рет көріп көремін» деген ой — ең қауіпті».
Жасөспірімдердің өміріндегі әрбір дұрыс ақпарат, әрбір алдын алу шарасы — болашаққа салынған ең маңызды инвестиция.

Яндекс.Метрика