Фото: Әділет Зейнелдің инстагарам парақшасынан
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада тұрғын үйдің қасбеті мен кондиционер құлауы салдарынан жарақат алып, қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ-ке сілтеп.
«Денсаулық сақтау министрлігінің атынан және жеке өз атымнан өз кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын.
8 қарашада кезекті қызметтік шақырту кезінде Астанадағы тұрғын үй кешенінде ғимараттың қаптамасының бір бөлігі құлады. Өзіне төнген өлім қаупіне қарамастан, Ұлдана екі зардап шеккен адамға көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалды.
Ол соңғы уақытқа дейін адамдарға көмектесу мақсатына адал болды. Оның іс-әрекеті нағыз кәсіби батырлықтың, қайсарлықтың және жоғары адамгершілік жауапкершіліктің үлгісі», — деп жазды министр Instagram желісіндегі парақшасында.
Министр Ұлдананың небәрі 23 жаста екенін атап өтті.
«Бес жылын медицина саласына арнады, жақында ғана тұрмысқа шығып, болашаққа жоспарлар құрған еді. Бұл қаза тек оның туыстары үшін ғана емес, бүкіл медициналық қауымдастық, әріптестері және елорда тұрғындары үшін де үлкен қайғы.
Өзгенің өмірі мен денсаулығын бәрінен жоғары қойған Ұлдана Мырзуанның жарқын бейнесі қайсар да мейірімді жан ретінде біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», — делінген Ақмарал Әлназарованың жазбасында.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлауы салдарынан ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер көз жұмғаны хабарланған еді.
