«Қауіп – Қытай, Ресей және Солтүстік Корея»: Жапония ядролық қару жасауға кіріспек

Фото: ukraina.ru

Тынық мұхиттың толқыны биіктеп, саясаттың самалы дауылға айнала бастаған тұста Жапония премьері Такаити күтпеген қадамға барды. Ол – Жапонияның ядролық қаруға ұмтылысын мәлімдеді. Жапонияда соңғы 60 жыл бойы айнымастан ұстанып келе жатқан үш қағида бар. Олар – антиядролық ұстанымдар: ядролық қаруға ие болмау, оны өндірмеу және ең бастысы – елге кіргізбеу. Санаэ Такаити осы алпыс жылдық ұстанымнан бас тартуды ұсынды. Оның себебін Qazaq Today порталы тарқатып көрді.

Хиросима мен Нагасаки қасіреті қаперде тұрса да, Такаити бүгінгі әлемнің 1945 жыл емес екенін, АҚШ-тың ядролық тежеуші күші бұрынғыдай қорғаныш құралы бола алмайтынын ашық айтты.

Такаити: «Вашингтонның өзі қазір әлемнің әр нүктесінде саяси тартысқа түсіп жатқан шақта Жапонияны толық қорғауға кепілдік бермейді. Ал Жапонияның қауіпсіздігі дәл осы тежеуші күшке, яғни ядролық қаруға тәуелді», – деп кесіп айтты.

ХИРОСИМА МЕН НАГАСАКИ ТРАГЕДИЯСЫ

Әлбетте, жапон жұрты үшін атом бомбасы туралы әңгіме ауыр. Әлем халқы Хиросима мен Нагасакидегі алапатты әлі ұмытқан жоқ. 1945 жылдың тамызы Жапонияның қос қаласы үшін адамзат тарихындағы ең зұлматты күндер болды.

«6 тамызда B-29 «Enola Gay» бомбалаушы ұшағы Хиросимаға «Little Boy» деп аталатын атом бомбасын тастады. Оның қуаты 13–18 килотонна тротилге тең болды.

9 тамызда Нагасаки қаласына қуаты 19–21 килотонна тротилге тең «Fat Man» плутоний атом бомбасы тасталды.

Осы қос соққыдан алғашқы сәтте 80 мың адам көз жұмды. Жыл соңындағы есеп бойынша, жалпы қаза тапқандар саны Хиросимада 90 мыңнан 166 мыңға, Нагасакиде 60 мыңнан 80 мыңға дейін жетті», — деп еске салды саяси жағдайды зерделеген Нұргелді Әбдіғани.

Тамыздың орта шенінде Жапония капитуляция жариялап, оған қыркүйекте ресми түрде қол қойылды. Одан бері сексен жылдан асса да, қасіретті күннің зардабы әлі жойылған жоқ.

«Десе де Токионың сыртында тұрған стратегтер Такаитидің сөзін құр романтика емес, нақты факт ретінде қабылдады: Қытайдың әскери қуаты Тынық мұхит аймағында бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Солтүстік Корея ракета сынауларын тоқтатқан жоқ. Ал Ресей Қиыр Шығыста Қытаймен бұрынғыдан да жақындап барады. Осындай жағдайда Жапонияның өз аумағына одақтастың ядролық қаруын кіргізуге тыйым салуды алып тастау керек деген бастаманы батыл көтеруде», — деді ол.

Такаитидің билікке келуі – Жапониядағы жай ғана кадрлық ауысым емес. Бұл – елдің стратегиялық бағытының түбегейлі өзгеруі. Көп жылдар бойы «бейбіт ел» бейнесіне байланып қалған Токио енді аймақтық держава ретінде әрекет ете бастады.

«Қытайға қарсы нақты позиция ұстанып отыр. Тайвань мәселесінде тұмшаланған сақтықтан бас тартты. АҚШ-пен әскери интеграцияны тереңдетуге дайын. Ең бастысы – ядролық тыйымның бұғауын босатуға жақын.

Ядролық қарудың зұлматын бүкіл әлемге алғаш болып көрсеткен, өз халқынан жүздеген мың адамы сол қасіретті қарудан опат болған Жапония қазір сол қаруды қорғаныс құралы ретінде қарастырып отыр. Бұл – Такаити дәуірінің ең қатал, ең даулы, бірақ ең шынайы шешімдерінің бірі болмақ», — дейді саясаттанушы.

Яндекс.Метрика