Әнші Мақпал Жүнісова Instagram парақшасында продюсер Баян Мақсатқызына арнайы үндеу жолдады. Ол марқұм композитор Арман Дүйсеновтің артында қалған отбасына баспана мәселесін шешуге көмек қолын созуды сұрады, деп хабарлайды Qazaq.today.
Мақпал Жүнісованың айтуынша, Дүйсеновтің жары Айсұлу қазіргі таңда баспанасыз қалып, қиын жағдайға тап болған.
«Айсұлудың жағдайы жүрегіме батады»
Әнші желіде тараған Айсұлудың «баспанам жоқ, далада қалдық» деген сөзінен кейін алаңдаушылық білдірген. Жүнісова өзінің қаржылық жағдайына да тоқталып өтті:
“Желіде марқұм Арман Дүйсенов бауырымыздың жары Айсұлу ханымның жағдайы туралы айтқаны желдей есіп тұр. Мұның бәрі біздің жүрегімізге батады. Мен миллионердің әйелі емеспін. Бай болсам, сол пәтерді өзім-ақ алып берер едім… Әндетіп жүріп, концерт беріп тапқан табысымды өз отбасыма, анама, бауырларыма жұмсаймын”.
Әкімдіктің көмектесуге мүмкіндігі жоқ
Мақпал Жүнісова бұл мәселемен Алматы қаласы әкімдігіне де хабарласқанын айтады. Алайда, ресми орынның қазіргі таңда баспана мәселесін шешіп беруге мүмкіндігі жоқ болып шыққан.
“Алматы қаласы әкімдігінен қалай көмектесуге болатынын сұрадым… Өкінішке орай, қазір қалалық әкімдіктің қолында мұндай мүмкіндіктер жоқ екен”, – деп жазды әнші.
«Ендігі үміт – Баян Мақсатқызы»
Осыдан кейін Мақпал Жүнісова бар үмітін продюсер Баян Мақсатқызына артып отырғанын жеткізді. Ол Баянның жұбайы, кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің (Тұрсын мырза) қаржылық мүмкіндігіне сенім білдірді.
“Ендігі менің сенетін бір адамым бар, ол – Баян Мақсатқызы. Өйткені Баянның жұбайы Тұрсын мырза миллионер, тіпті миллиардер деп айтар едім… Баянжан, өзіңе сенеміз. Жолдасыңмен ақылдасып, Арманның артында қалған отбасының баспана мәселесін шешіп береді деп сенгім келеді”, – деп түйіндеді сөзін Мақпал Жүнісова.
