Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Қазақстандағы қоқыстарды қайта өңдеу және сұрыптау саласындағы жүйесіздікті қатаң сынға алды. Оның айтуынша, тұрғындар қалдықтарды бөліп жинағанымен, оны тасымалдау кезінде бәрібір араласып кетеді. Сондай-ақ, депутат елорда маңындағы заңсыз қоқыс полигондарының жағдайына алаңдаушылық білдірді.
«Біз қоқысты неге бөлек жинаймыз?»
Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Нұргүл Тау қоқысты сұрыптаудың мағынасыз болып тұрғанын жеке мысалымен түсіндірді.
«Біз тамақтың қалдығын үйде бөлек жинаймыз. Қалған қатты қалдықтарды жеке жинаймын. Үйдің алдында екі бөлек контейнер бар… Бір күні таңертең қоқысты шығаруға шыққан балам контейнердің (екі бөлек) бір көлікке тиелгенін байқап қалды. Егер оны көлік алып кетіп, қаланың сыртына қайтадан төгетін болса, онда біз қоқысты неге бөлек жинаймыз?» – деді депутат.
Ол мұндай жағдайда, мысалы, май тамған қағаздың қайта өңдеуге жарамай қалатынын атап өтті. Депутат бұл мәселені шешу үшін нақты қаржы бөлуді талап етті.
Елорда маңындағы тіркелмеген қоқыс орындары
Нұргүл Тау жақында елорда маңындағы барлық қоқыс полигондарын аралап шыққанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жағдай күрделі.
«Қаланың жанында тіркелмеген қоқыс бар. Қазақстанның басқа өңірлерін айтпай-ақ қояйық, елорданың маңында қоқысқа батып жатырмыз. Бұл жағдайға не істейсіздер?» – деп сауал тастады депутат.
Ол атқарылып жатқан жұмыстарды түсінетінін, бірақ нақты нәтиже керектігін баса айтты. Нұргүл Таудың пікірінше, қалдықтарды дұрыс бөлек жинау арқылы жаңа бизнес мүмкіндіктерін ашуға болады.
