Фото: Qazaq.today
Қоғам белсенділері Астананың экологиясын жақсартудың жолдарын талқылады. «Байтақ» жасылдар партиясы қалалық филиалының IV конференциясы аясында бас қаланың экологиялық ахуалын жақсарту жолдары айтылды, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігінің тілшісі.
Жиынға қоғам қайраткерлері, экобелсенділер және азаматтық сектор өкілдері қатысты. Қонақтар қатарында Ирак Елекеев, Батыр Сейкенов, Тәңірберген Бердіоңғаров және өзге де танымал тұлғалар болды. Конференцияның басты шешімі – қалалық филиал төрағасы болып Нариман Баубектің сайлануы. Сонымен бірге, түрлі кәсіби сала өкілдерінен құралған 15 адам Саяси кеңес құрамына енді. Бұл кадрлық өзгерістер партияның ішкі реформасын жеделдетіп, қоғамдағы позициясын күшейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Жаңа құрам ең алдымен Астана тұрғындарына қолжетімді әрі қауіпсіз экологиялық орта қалыптастыруды негізгі басымдық ретінде белгіледі. Партия жасыл аймақтарды кеңейту, парктер мен веложолақтарды көбейту, балалар алаңдарын қауіпсіз ету, таза ауа мен сапалы ауызсуға қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. «Жаңа адамдар – жаңа көзқарас» деген ұстаным бүгінгі конференцияда нақты жоспарлармен бекітілді.

Партия соңғы жылдардағы нәтижелі жұмысының мысалдарын атап өтті. Солардың бірі – Талдыкөл аумағын экологиялық паркке айналдыру бастамасы. Төрт жыл бұрын көтерілген ұсыныс бүгінде нақты жобаға айналып, эскиздік жоспар мақұлданды. Қала әкімдігі мен уәкілетті органдар келісімін беріп, парк құрылысы ресми түрде басталатын болды. Бұл шешім партияның қала экологиясын жақсартуға бағытталған бастамаларының жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ партия қаланың жасыл белдеуін қорғау мәселесін ерекше назарға алып отыр. Көгалдандырудың адам психологиясына әсеріне қатысты зерттеулер таныстырылып, құрылысқа беріліп кету қаупі бар бірнеше парк бойынша қоғамдық бақылау күшейтілетіні айтылды. Партия өкілдері «қаланың табиғи мұрасы – стратегиялық құндылық» екенін атап, бұл бағыттағы жұмыстың жалғасатынын жеткізді.
Өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігі де конференцияның негізгі тақырыптарының бірі болды. «Үлкен табыс – үлкен жауапкершілік» деген қағидаға сүйенген «Байтақ» барлық кәсіпорындарға тиімді фильтрлер орнату, шығарындыларды бақылау және эконормаларды ашық сақтау талаптарын күшейту қажет екенін айтты. Бұл – тұрғындардың денсаулығын және қаланың ауасын қорғауды көздейтін міндет.
Қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамыту да партия бағдарламасының маңызды бөлігі. «23 км LRT – жетістік емес, тек бастама» деген ұстаныммен «Байтақ» Астанадағы LRT желісін 23 шақырымнан 350 шақырымға дейін ұлғайту идеясын көтерді. Бұл бастама қаланың барлық аудандарын байланыстырып, көлік жүктемесін азайтуды және экологиялық жағдайды жақсартуды көздейді.
Партия ерекше тоқталған тағы бір жоба – парктерді қорғау. Бұл аймақты сақтау бағытындағы күрес жасыл кеңістіктерді көбейту жөніндегі жалпы саясаттың бір бөлігі екені атап өтілді.
2025–2026 жылдарға арналған жоспарлар да таныстырылды. Олардың қатарында экопарктерді бақылау, спорт инфрақұрылымын дамыту, марафондар мен экологиялық шаралар өткізу, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, ауа сапасын тұрақты мониторингтеу, жасыл аймақтарды қорғау және сенбіліктер ұйымдастыру бар. Сонымен бірге, кәсіпорындарға қатысты тарифтік саясатты әділ жүргізу мәселесіне де қатысу көзделген. «Адамдар – ара да, құмырсқа да емес. Біз омартамен илеуде өмір сүруге тиіс емеспіз» деген ұстаным да партияның тығыз құрылысқа қарсы бағытын айқын көрсетті.
Конференция қорытындысында «Байтақ» жасылдар партиясы ашықтық, цифрландыру және тұрғындармен тікелей диалог қағидаттарына негізделген жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді. Партия өкілдері Астананы қауіпсіз, жасыл және заманауи қалаға айналдыру – ұзақмерзімді, бірақ нақты қадамдармен орындалатын мақсат екенін атап өтті.
